МТРА жаңалықтары

Соколовкада “Ашық әкімдік” фронт-кеңсесі жұмыс істеп тұр

Соколовкадағы ашық әкімдікте тегін wi-fi мен өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы бар. Кабинетте 6 бірдей маман отыр. Олар мемлекеттік қызметтің 19 түрін көрсетеді. Алена Людская жұмыс іздеп келген азаматтарға қолғабыс жасап, кеңес береді.

Алена Людская – жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі маман:

– Азаматтарға бос жұмыс орындары жайлы ақпар береміз. Бұл жөнінде бүгін жастар келіп жолықты. Сондай-ақ, тұрғындарды “Еңбек” бағдарламасы мен “Бастау” жобасы қызықтырады. Жолыққан адамға мемлекеттік қолдаудың тетіктері жайлы жіті түсіндіреміз.

Үй салуға немесе кәсіпкерлікпен айналысуға жерді қалай рәсімдеуге болады? Атаулы әлеуметтік көмекке ие болу үшін қандай құжаттар керек? Бұрын ауылдағы ағайын осы тұрғыда қызмет алу үшін бірнеше кабинеттің табалдырығын тоздыратын. Енді барлығын бір жерде шешуге болады.

Марина Печенкина – ауыл тұрғыны:

– Ашық әкімдікке бүгін алғаш рет келіп отырмын. Өзім көкөніс егумен айналысамын. Соған қосымша жер керек. Сұрағыма тұшымды жауап алдым. Фронт-кеңсенің тиімділігі байқалады. Бұрын бір құжат алу үшін уақыт жұмсап Бескөлге барушы едік, енді өзімізде-ақ тындыруға болады.

6 маманнан бөлек, ауылдық округтің әкіміне де жүгінуге болады. Соколовка ауылдық округінің әкімі Әскер Сейітов азаматтарды аптасына екі рет қабылдайды.

Бүгінде мемлекеттік қызмет түрлерінің басым бөлігін e.gov порталы арқылы онлайн түрде алуға болады. Алайда, заман игілігінің тілін бәрі бірдей түсіне бермейтіні анық. Мәселен, бүгінде Соколовка селосында 2,5 мың адам тұрады. Оның 600-ы – зейнеткерлер. “Бұл ретте аталған санаттағы жандар үшін ашық әкімдіктің пайдасы зор”,- дейді билік өкілдері.

Ғани Нығыметов – СҚО әкімінің орынбасары:

– Қазір көптеген мемлекеттік қызметтер цифрландырылған. Яғни, әр азамат тиісті құжатты үйінен шықпай-ақ рәсімдей алады. Бірақ, бұл жасы үлкен жандар үшін қиынға түседі. Сондықтан, мұндай ашық әкімдіктің пайдасы зор.

Соколовкадағы фронт-кеңсе – өңірімізде ауыл деңгейінде жұмысын бастаған осымен екінші әкімдік. Алғашқысы өткен жылдың соңында Келлеровкада ашылған болатын. Мұндағы мамандардың жұмыс істеу сапасы – жергілікті әкімдік өкілдері мен “Антикор” орталығының жіті назарында.

Ғани Нығыметов – СҚО әкімінің орынбасары:

– Біз ашық әкімдіктің жұмысын міндетті түрде бақылап отырамыз. Мониторинг жүргізіп тұрамыз. Себебі, мамандар шаруаны сөз жүзінде емес, нақты іс жүзінде жұмыс істеулері керек.

“Ашық әкімдік” жобасын өңірдегі өзге де ауылдарда жүзеге асыру жоспарлануда.

 

 

 

Жанна Бисенова