Денсаулық сақтау

Қызылжар аудандық ауруханасында болған жаға ұстатарлық жағдай

Бұл жолы «Қызылжар – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдері облыстық денсаулық сақтау саласы мамандарының басын қосты. Жиынға барлық аудан ауруханаларының бас дәрігерлері қатысуда. Бірақ, көтеріліп отырған мәселе Қызылжар ауданына қатысты. Өткен жылы аталған аудандағы емдеу мекемелерінде 5 бірдей сәби көз жұмған.

Қабдрахман Сақтағанов – СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Өткен жылы Қызылжар ауданында 5 бірдей нәрестенің өлімі тіркелді. Бұған не себеп болғанын анықтау үшін аудан орталығына бардым. 3 бірдей гинекологпен сөйлестім. Алайда, ешкім бұл жағдайға қатысты тұшымды жауап қатпады. Менің ойымша, ауруханада дұрыс жұмыс істеу алгоритмі жоқ.

Сондай-ақ, Қабдрахман Сақтағановтың сөзінше өткен жылы Қызылжар аудандық орталық ауруханасынан 17 бірдей медициналық қызметкер жұмыстан шығып кеткен. Бұның себебін де денсаулық сақтау басқармасының басшысы анықтап көруге тырысқан.

Ақпан айында денсаулық сақтау басқармасы Қызылжар ауданындағы инфекциялық стационарды жабуға шешім қабылдайды. Бұл өңірдегі эпидахуалдың жақсаруына байланысты. Сол кезде емдеу мекемесінде 6 науқас коронавирустан ем қабылдап жатқан болатын. Екі науқастың жағдайы ауыр деп бағаланған екен. Бірақ, соған қарамастан қаладағы жұқпалы аурулар ауруханасына тасымалданады. Өкініштісі, осы кезде 2 адам қаза табады.

Павел Притолюк:

 – Менің анам қаңтардың 27-сі күні Қызылжар аудандық орталық ауруханасына қарасты ифекциялық стационарға екіжақты пневмония диагнозымен түсті. Онда анама тиісті ем көрсетілді. Тіпті, анамның жағдайы түзеліп келе жатты. Бірақ, сол сәтте инфекциялық стационарды жабу туралы шешім қабылданады. Ал науқастарды басқа жерге көшіреді. Оны анам көтере алмай көз жұмды.

Бұл ретте денсаулық сақтау басқармасының өкілдері Қызылжар аудандық ауруханасында ауыр жағдайда жатқан науқастар жайлы түк білмедік деп жауап берді.

Нұрлан Айманов – СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– Қайтыс болған науқастардың туыстары мен жақындарына көңіл айтамын. Біз екі науқастың өліміне талдау жүргіздік. Тексеріс барысында анықталғандай, Қызылжар аудандық ауруханасының әкімшілігі ауыр жағдайдағы науқастарды тасымалдау кезінде барлық ережелерді бұзған. 6 бірдей науқас қалаға бір көлікпен, яғни ВАЗ машинасымен жеткізілген.

Ал ережеге сәйкес әр науқас қалаға санитарлық авиациямен жеткізілуі тиіс еді. Бұл жөнінде Қызылжар аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Александр Құдайбергенов былай деп жауап берді.

Александр Құдайбергенов – Қызылжар аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері:

– Науқастарды тасымалдау үшін санитарлық авиация шақырылды. Және көпбейінді облыстық ауруханадан анестезиолог-реаниматолог дәрігерлер келді. Олар науқастарды тасымалдауға болатындығын айтты.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы Александр Құдайбергеновтің іс-әрекетіне қатысты әлі нақты шешім қабылдаған жоқ. Бірақ, басшылығы аудандық аурухананың бас дәрігері конецформыначалоформыжазасыз қалмайтындығын айтты.

 

 

 

Дана Ешкенова