Ауыл шаруашылығы

Жуырда өңірде малды вакциналау басталады

Сергей Жумагулов – ветеринар-дәрігер. Қызылжар ауданындағы серіктестіктердің бірінде еңбек етеді. Малдың денсаулығы да, күйлілігі де осы маманның бақылауында. Зерттеу жүргізуге қан алады, екпе салады, қажет болса құрама жемін де береді. “Петерфельд АГРО”-да бұзауымен қоса санағанда симментал тұқымды 4 мыңнан астам мал бар. Жақында олардың барлығына жыл сайынғы вакцина егілмек.

Сергей Жумагулов – «Петерфельд АГРО» ЖШС ветеринар-дәрігері:

– Бізде малдарға екпеден бөлек, тиісті дәрілік препараттар жиі егіледі. Себебі, сиырлар екі күннің бірінде бұзаулайды. Оларға әр 15 күн сайын препарат егіледі. Ал вакцина жылына екі рет салынады. Негізінен, күзде және көктемде.

Алдын алу шаралары уақытында қолға алынбаса, малдың арасына түскен инфекция тез таралып кетуі мүмкін. Оны болдырмау үшін қойылатын вакцина жануардың имунитетін нығайтады. Биыл облыс аумағында көктемгі екпе қауіпті 9 ауруға қарсы салынады. Олар: негізінен, сібір жарасы, бруцеллез, пастереллез және аурудың тағы бірқатар түрі. Ветеринар мамандардың айтуынша кей жағдайда мал иелері вакцина ектіруге құлықсыздық танытатын көрінеді. Бастысы, уақытында егілген екпе аурудан қорған екенін ұмытпау қажет.

Қайырлы Қазанов – облыстық ветеринария басқармасының басшысы:

– Мал иелеріне айтар бір өтінішіміз бар: жануарларыңызға екпе ектіруге қарсылық танытпай, ветеринарға уақытында көрсетіп тұру қажет. Өйткені, сол күні санақ жүргізіледі, мал нөмірленеді.

Малды жоспарлы вакциналау осы айда бастау алады. Екпе жуық арада жеткізілуі тиіс. Екпе егу тегін.

 

 

 

 

 

Алдияр Айтпаев