Денсаулық сақтау

Наурыздың 24-і – Бүкіләлемдік туберкулезбен күрес күні

Туберкулез – әлемдегі инфекциялық аурулардың ішінде ең жиі кездесетіндерінің бірі. Әрі ең қауіпті 10 дерттің қатарына кіреді екен. Былтыр өңірімізде бұл дертке 219 адам шалдыққан. Жұқтыру деңгейі оның алдындағы жылға қарағанда 129 жағдайға азайған. Мамандардың айтуынша облыста туберкулез жұқтыру көрсеткіші жылдан жылға кеміп келеді.

Кенжегүл Әріпова – облыстық фтизиопульмонология орталығы диспансерлік бөлімшесінің меңгерушісі:

– Былтыр науқастардың саны 2019 жылға қарағанда 36,4%-ға кем тіркеліп отыр. Сонымен қатар, індетке шалдыққан балалардың саны да кеміп жатқанын байқап отырмыз. 2019 жылы біз 12 баланы есепке алсақ, 2020-да 8 бала есепке алынды.

Туберкулезді жұқтыру деңгейінің төмендеуін дәрігерлер медицинаның дамуымен байланыстырып отыр. Бүгінде бұл дертті анықтауда әрі оны емдеуде қолданылатын препараттар мен қондырғылардың түрлілігі сан алуан. Жалпы, туберкулездің белгілері өзге аурулармен ұқсас болып келеді. Мәселен, адамда жөтел, дене қызуының көтерілуі, кеуді қуысының ауыруы мен әлсіздік пайда болған жағдайда тез арада ауруханаға келу керек дейді дәрігерлер.

Кенжегүл Әріпова – облыстық фтизиопульмонология орталығы диспансерлік бөлімшесінің меңгерушісі:

– Туберкулезбен әдетте тұрмыс жағдайы төмен жандар ауырады. Кейбір кездері науқаста туберкулезден бөлек, өзге де ауру болуы мүмкін. Мәселен, қант диабеті мен өкпенің қабынуы. Дәрігер науқасты тексергеннен кейін адамның қандай ауруға шалдыққанын анықтайды. Бүгінде туберкулездің бар-жоғын кез келген ауруханада тексеруге болады.

Фтизиопульмонология орталығында туберкулез таяқшаларын адамнан қақырық алып тексереді. Анализ нәтижесі анығырақ шықпаса, мынадай заманауи қондырғы қолданылады. Аппарат G-xpert деп аталады. Мұнда заман игілігінің екеуі бар. Оның көмегімен жұмыстың басым бөлігі автоматты түрде атқарылады.

Диана Саржанова – облыстық фтизипопульмонология орталығының лаборанты:

– Мына германиялық қондырғының көмегімен адамның бойында туберкулездің бар-жоғын дәл анықтауға мүмкіндік бар. Нәтижесі 2 сағаттың ішінде-ақ белгілі болады. Бір сәтте 2 қақырық үлгісін тексеріске жібереміз. Осылайша, күніне 15-20 адамның сараптамасы дайын болады.

Наурыздың 24-і – Бүкіләлемдік туберкулезбен күрес күні. Бұл датаға орай өңірде профилактикалық айлық бастау алды. Шара барысында облыстық фтизиопульмонология орталығының мамандары жұқпалы әрі қауіпті дерттің алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр.

 

 

 

 

Жанна Бисенова