Мәдениет

Қазақ театрында “Алғыс айтамын халқыма” атты мерекелік кеш өтті

Осыдан тура 6 жыл бұрын күнтізбемізге Алғыс айту мере­кесі қосылды. Содан бері мейрам елімізде тұрып жатқан бүкіл ұлт өкілдерінің сүйікті мерекесіне айналды. Себебі, дәл осы күні 20-шы ғасырда сталиндік қуғын-сүргінге және депортацияға ұшыраған халықтың ұрпақтары жиналып, қиын кезде бауырына басқан, барымен бөліскен қазақ халқына зор ризашылықтарын білдіреді. Біздің өңірде де бұл мерекені этномәдени ұйымдарының өнерпаздары ерекше атап өтті. Олар концерт ұйымдастырып, сахна төрінде қазақ, кәріс, украин, армян, татар ұлттарының әндерін шырқады. Сондай-ақ, қаламыздың үздік би топтары да өнер көрсетті. Айталық, «Дуслык» татар-башқұрт қоғамдық орталығының «Ляйсан» әншілер тобы татар тілінде «Эрбет» әнін орындап, мерекелік кешті одан әрі қыздыра түсті.

«Ляйсан» әншілер тобы осыдан 5 жыл бұрын құрылған. Репертуарларында түрлі ұлттың әндері бар. Өнерпаздар әр мерекелік шараға белсене ат салысады.

Раиса Рамазанова – “Дуслык” татар-башқұрт қоғамдық орталығы “Ляйсан” әншілер тобының әншісі:

– Татар мәдениет орталығының атынан барлық Қазақстандықтарды құттықтаймыз! Қазақ халқына мың алғыс білдіреміз.

Мерекелік кеште «Хангук Қазақстан» кәріс мәдени орталығының жас өнерпазы Вера Кан да өзінің туған тілінде ән шырқады. Нәзікжанды – түрлі байқаулардың жеңімпазы. Әншінің әсем әнін «Бимаржан» бишілер ансамблінің кәріс биі одан әрі айшықтай түсті.

«Қарты бар үйдің қазынасы бар» демекші, бұл мерекелік кеш аға буын өкілдерінің басын қосты. Оларға жергілікті өнерпаздар ерекше көңіл-күй сыйлады.

Иманғали Татбаев – қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары:

 – Бүгін бүкіл ардегерлердің басы қосылып жатыр. Өнерпаздар тамаша мерекелік кеш ұйымдастырды. Бір серпіліп қалдық.

Зайра Қошымбаева – қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі:

– Барлық тілде әндер шырқалып, би биленді. Бәріміз рақаттанып коцертті тамашаладық. Жастарымыз жарқырау берсін.

Сөз соңында айта кетейік, «Алғыс айтамын халқыма» тақырыбын арқау еткен мерекелік кештің соңында ардагерлер өнерпаздарға өз алғыстарын білдірді.

Дана Ешкенова