Білім

1-5-сынып оқушылары аралас форматта оқиды

Қаладағы №7 орта мектебіндегі кіші буынның бір бөлмеде толық бір сынып болып отырмағандарына 1 жылға жуықтады. Олар осы күнге дейін 2-ге бөлініп білім алды. Бірі – түске дейін, келесі топ – түстен кейін. Бүгіннен бастап бәрі бұрынғыдай. Балғындар қатарластарымен қауышқандарына қуанышты. Мұны олардың бал-бұл жайнаған жүздерінен аңғаруға болады.

Полина Гонтарь – №7 орта мектебінің оқушысы:

– Достарымен қайта бір сыныпта бірге отырып оқимыз дегенді естіп қатты қуандым. Себебі, 15 оқушыдан оқығанда құрбым басқа ауысымда қалды. Екеуміз сабақта бірге отыра алмай, көңіліміз түскені рас. Ал қашықтықтан оқу мүлдем қиын. Компьютердің алдында отырғаннан, ұстазыммен жүздесіп білім алған әлдеқайда жақсы.

Қашықтықтан оқу жүйкені жұқартқаны жасырын емес. Әсіресе, бұл өзгеріс ата-аналарға қиындық тудырды. Ирина Рогачева – 3 баланың анасы. Үйдің тірлігі мен 5-ші сыныпта оқитын ұлына қашықтықтан сабақ оқуға көмектесу оңайға түспегенін айтады.

Ирина Рогачева:

– Қашықтықтан оқып біраз әбігерге түстік. Бір балам тамақ ішкісі келсе, екіншісі балабақшаға сұранады. Ал ол кезде барлық жер жабық болды. Мектепте оқитын ұлыма сабақ оқуына жәрдемдесу қажет. Сондықтан, оқушылардың толық құраммен штаттық режимде оқуға шыққандары дұрыс болды.

Білім ошағындағы 1 мен 5-ші сынып аралығында оқитын 564 оқушы бүгін дәстүрлі режимге көшірілді. Ал ата-аналардың өздерінің өтініштері бойынша 30-ға жуық ұл-қыз қашықтықтан білім алады. Толық құраммен оқу жағаны жайлауға жіберуге болады дегенді білдірмейді. Санитарлық талаптар қатаң сақталмақ. Әдеттегідей, дене қызуы өлшенеді, қоңырау кезінде сынып бөлмелері дезинфекцияланып отырады.

Наталья Килоева – №7 орта мектебінің директоры:

– Қауіпсіздікті сақтау мақсатында әр сыныпқа түрлі уақытқа сабақ кестесін құрдық. Және оқушылар бір жерде топтаспаулары үшін асханада кезектесіп тамақтанатын болады. Сондай-ақ, 6-шы, 7-ші, 8-ші және 10-шы сыныпта оқитындар әрі қарай онлайн форматта білім алуларын жалғастырады. Ал 9 мен 11-ші сыныптағылар бұрынғыша оқитын болады.

Жалпы, №7 орта мектебінде мыңнан астам оқушы бар. Оның 700-ден астамы дәстүрлі режимде оқып жатыр. Ал қалғаны қашықтықтан білім алуда.

 

 

 

 

 

Алтынай Казиканова