БалаларТЖ

Өрт сөндіру бөлімінде ашық есік күні өтті

Кескіш, қысқыш пен домкрат. №2 өрт сөндіру бөліміне келген ұл-қыздар алдымен құтқарушылардың құрал-жабдықтарымен танысты. Мәселен, мына бір оттегі баллонының көмегімен мамандар түтінге оранған нысанның ішіне кіре алады.

Өрт шыққан биіктікке көтерілу, оқиға орнынан адамдарды эвакуациялау. Жедел-жаттығу шараларына оқушылар да қатысып, құтқарушылардың қиын да жауапты қызметтері жайлы маңызды мәлімет алды. Аязға қарамастан олар өздерінің белсенділіктерін танытты.

– Бізге апат кезінде өз өміріңді сақтаудың әрі өзге адамдарды құтқарудың тәсілдерін көрсетті. Қауіпсіздік ережелерін мектепте де айтады. Ал мұнда бәрін өз көзімізбен көрдік.

– Бізге әр түрлі өрт сөндіру техникаларын көрсетті. Мысалы, түрлі баллондар дегендей.

Қауіпсіздік ережелері түсіндірілді, құрал-жабдықтар көрсетілді. Кезек – өрт сөндіру көліктерінде. Назарға ұсынылған техникалардың бірі “Трэкол” деп аталады. Ерекшелігі сол, мұндай машина кез келген жерден өте алады. Тегеурінді техника қар құрсауында қалған адамдарды құтқаруда қолданылады.

Марат Мұратов – СҚО ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы:

– Ашық есік күнін жиі өткізуге тырысамыз. Үнемі мектеп оқушыларын шақырамыз. Бүгін 4 мектептің шәкірттері келіп отыр. Бұл шараны балалар өрт қауіпсіздігі ережелерін білсін деп ұйымдастырамыз.

Жалпы, бүгінде облыс орталығындағы 5 өрт сөндіру бөлімінде 800-ге жуық техника бар, 160-тан астам құтқарушы еңбек етеді.

 

 

 

Жанна Бисенова