БілімБалалар

Өңірде startup-жобалардың байқауы өтті

Жуырда жергілікті Назарбаев Зияткерлік мектебінің студенттері бірыңғай стартап-жобаға қатысуға ниет білдірген. Ол үшін жастар “Skillfy” деп аталатын білім беру орталығын құрған. Жоба авторлары – Ерхат Файзулла мен оның достары. Жас өнертапқыштар Microsoft Word және Power Point бағдарламаларымен жұмыс істейді. Жастардың сөзінше, жерлестеріміздің көбі қашықтықтан қызмет алудың әдістерін біле бермейді. Осы орайда стартап-жоба арқылы халық арасында цифрлық сауаттылықты арттыруды мақсат етіп отыр.

Ерхат Файзулла – Химия-биология бағытындағы НЗМ студенті:

– Алдымен біз екі жұмыс механизмін ұсынып отырмыз. Біріншісі, ол -онлайн платформада. Яғни солтүстікқазақстандықтар ғана емес, барлық отандастарымыз үшін. Екіншісі – егде жастағы адамдармен офлайн жұмыс істеу. Ол үшін арнайы орын мен техникалар ұсынылатын болады. Барлық білім практикада жүзеге асады. Негізгі мақсатымыз – жерлестерімізге бастапқы базаны үйрету.

Стартап-жобалардың байқауын жергілікті университет ұйымдастырды. Оған кез келген оқушының қатысу мүмкіндігі болды. Жоба үш санатқа бөлінген. Олар: IT-робототехника, өндіріс және білім мен медицина. Осылайша, жастар өз жобаларын әзірлеп, қазылар алқасының алдында қорғады. Сондай-ақ, өнертапқыштар “Astana Hab” орталығының білікті мамандары өткізген шеберлік сабағына қатысқан.

Юлия Фоот – Kozybaev University кафедра меңгерушісі:

– Байқау ақпан айының басында бастау алды. Конкурсқа қатысуға 42 адам ниет білдірді. Оларға өз жобаларын әзірлеуге 3 аптадан астам уақыт берілді. Ал ақпанның соңында ZOOM платформасында жартылай финалдың қорытындысы жарияланды. Нәтижесінде қызықты 19 жоба таңдалып алынып, финалға жолдама алды. Жалпы, мұндай стартап-жобалардың мақсаты – жастардың кәсіби және жеке дамуына қолдау білдіру.

Сонымен, финалдың қорытындысы бойынша 19 жобаның 9-ы үздік деп танылды. Жеңімпаздар ақшалай сертификаттармен марапатталды.

Дана Ешкенова