Спорт

Кикбокстан өткен турнирдің жеңімпаздары анықталды

Шаршы алаң төрінде – нұр-сұлтандық Батырхан Қуандықов пен павлодарлық Ерлан Ілиясов. Қос спортшы финалдық кездесуде өзара мықтыны анықтауда. Екі кикбоксшының да жеңіске деген құлшынысы байқалып-ақ тұр. Бірақ, елордалық жігіт ширақ көрінеді. 3 раундқа созылған бәсекенің соңында төреші қызыл бұрыштағы Батырхан Қуандықовтың қолын көтереді. Осылайшы 63 келі салмақта жеңімпаз анықталды.

Батырхан Қуандықов – жарысқа қатысушы, Нұр-Сұлтан қаласы:

 – Жарыс жоғары денгейде өтуде, ерлер арасындағы жарыс болғаннан кейін кездесулер қиынға соқты. Тасмағанбетов Нұрболат, Күмісбеков Бақытжан, Жаймашов Азамат сынды ағайларыма алғыс айтамын. Болашақта әлем чемпионы болуға тырысамын.

Батырханның кикбокспен айналысып жүргеніне 5 жыл болыпты. Осы аралықта 2 мәрте ел біріншілігінде топ жарып, спорт шебері атағына ие болған. Жалпы, байрақты бәсекеге 150-ден астам спортшы қатысуда. Финалдық кездесуге олардың тек 30-ы ғана жолдама алды. Яғни 15 жұп, 15 салмақ дәрежесі.

Руслан Есеналин – СҚО кикбокс федерациясының президенті:

– Біздің дәстүрлі турниріміз 21-ші рет өткізілуде. Байрақты бәсеке ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына арналып отыр. Жарыс жоғары деңгейде өтті. “Солтүстік Қазақстан кубогына” Қырғызстан мен Ресейдің спортшылары қатысуы керек болған. Бірақ, пандемияға байланысты келе алмады.

Жалпы, бұл жарыста облыс қоржыны 4 алтын, 5 күміс және 8 қоламен толықты. Ал командалық есепте Нұр-Сұлтан құрамасы жарыс жеңімпаздары атанды. Петропавлдықтар – 2-ші, ал қостанайлықтар үздік үштікті түйіндеді.