ҚоғамХалық тарих толқынында

1 наурыз – Алғыс айту күні

Алексей Ханның ұлты – кәріс. Ер азаматтың арғы атасы мен әжесі сталиндік қуғын-сүргінге ұшырап, Қиыр Шығыстан Қазақстанға жер аударылған. Сонда 40-ға жуық адам жүк поезымен бір ай бойы жүріп келген. Бұл 37-ші жылдың күзі болатын. Алексей Ханның отбасылы ұлы атасы мен әжесі мінген вагонды Ақмола облысына қарасты Макинка деген ауылдың маңында қалдырып кетсе керек.

Алексей Хан – “Hangug Qazaqstan” корей этномәдени орталығының төрағасы:

– Ата-әжемнің тұратын баспанасы болған жоқ. Олар жер қазып, лашық жасаған. Бұны байқаған жергілікті халық қол ұшын соза бастады. Қазақтар ұдайы тамақ, азық-түлік әкеліп тұрды. Кішкентай балаларды өз үйлеріне алып, бағып отырды. Осылайша, күн көруге қолғабыс етті.

Ал келесі қыстан бастап қазақ отбасылары кәріс жанұяларының бәрін өз қанаттарының астына алған. Осылайша, әр қазақтың үйі тағы 5-6 адаммен толықты. 20-шы ғасырдың бірінші жартысында бірқатар этнос өкілдері қазақ жерінен пана тапты. Мәселен, ұлты неміс Евгений Райтенбахтың әжесі 41-ші жылдың қазанында Қазақстанға Грузиядан жер аударылған. Сөйтіп, 4 баласымен Жамбыл ауданына қарасты Семиозерка ауылына келеді.

Евгений Райтенбах – “Видергебурт” облыстық неміс мәдени орталығының өкілі:

 – Әжем мен оның 4 баласын жергілікті украиндық отбасы бауырына басты. Туыстарыма жақын тұрған қазақ жанұясы да ұдайы көмектесіп тұрды. Шешем әпкелерімен бірге сол жерде өсті.

Кейін Евгений Райтенбахтың ата-анасы Қарағандыда кездесіп, үйленіп, қазақ жерінде тұруды шешкен. Өзі Қарағандыда дүниеге келіп, сол жерде оқу бітіріпті. Кейін жолдамамен Петропавлға жұмыс істеуге келген. Евгений Райтенбахтың айтуынша мейірімді қазақ халқының арқасында туған-туыстарым аман қалды дейді. Қазақтарға деген алғысын әзірбайжандық Чингиз Курбанов та білдірді.

Чингиз Курбанов – облыстық әзірбайжан этномәдени орталығының төрағасы:

– Әзірбайжан ұлтының өкілдері Қазақстанға алғаш рет 30-шы жылдары қоныс аударды. Бұл кезде біздің қандастырымз Оңтүстік Қазақстаннан пана тапты. Кейін 50-ші және 70-ші жылдары Солтүстік Қазақстанға келе бастады. Қиын кезде қазақ халқы біздің аман қалуымызға септесті. Жергілікті халыққа деген алғысым шексіз.

Қазақстанға кезең-кезеңмен 1 млн-нан астам адам жер аударылған. Кеңестік тоталитарлық режим салдарынан зардап шеккен жандарға қазақ халқы аман қалуларына көмектесті. Өздерінің басына түскен қиындыққа қарамастан соңғы нанымен бөлісті.

Ғани Нығыметов – СҚО әкімінің орынбасары:

– 30-40 жылдары қазақ халқы үшін де қиын болды. Тарихтың бұл кезеңінде қазақтар жұт пен аштыққа ұшырағаны белгілі. Салдарынан миллиондаған қазақ көз жұмған еді. Соған қарамастан кең пейіл қазақ халқы өзге ұлт өкілдеріне бауырындай қарап, бар қиындықты бірге бастан кешірді.

Заман қиыншылығын бастан кешірген этнос өкілдерінің қазақ халқына айтар алғысы шексіз. Бұл жандар бірлігі жарасқан мемлекетте тұрып жатқандарына дән риза.

 

Жанна Бисенова