COVID-19: Қазақстан

Жексенбіден бастап театрлардың жұмысы жанданады

Өнерсүйер қауым үшін жағымды жаңалық! Қаладағы театрлардың жұмыс істеуіне рұқсат етілді. Жергілікті бас санитарлық дәрігердің жаңа қаулысы ақпанның 28-інен бастап күшіне енеді. Сондай-ақ, қоғамдық тамақтану орындары мен сауда нысандарының қызмет көрсету уақыты да ұзартылып отыр.

Өткен жексенбіде Солтүстік Қазақстан «сары аймақтан» «жасыл аймаққа» өтті. Коронавирусқа қатысты жағдай тұрақталып жатыр. Кеше covid-19 30 тұрғынның бойынан табылған. 21 науқастың ауру белгілері анық байқалады, ал қалғандары симптомсыз түріне шалдыққан.

Азат Жұматаев – СҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:

– Петропавл қаласы бойынша – 13, М.Жұмабаевта – 5, Жамбылда 4 жағдайдан тіркелді. Уәлиханов, Мамлют пен Аққайың аудандарында 3 адам науқастанып қалған. Тимирязев пен Шал ақында 2 тұрғын індет жұқтырды. Қызылжар мен Есілде 1 жағдайдан анықталды.

Қазір жергілікті инфекциялық емдеу мекемелеріндегі арнайы төсек-орындардың тек 20 пайызы толған. Барлығы – 244 адам ем алуда. Сәйкесінше карантиндік талаптар да жеңілдеді. Кеше жаңа қаулы шықты. Құжатқа сәйкес ақпанның 28-інен сауда үйлері, ойын-сауық орталықтарының жұмыс кестесін түнгі 12-ге дейін ұзартуға рұқсат етілді. Жексенбіде тұрмыстық және басқа да сауда орындары келушілерін таңғы 9-дан 20:00-ге дейін қабылдай алады. Мектептен тыс қосымша білім беру орындары, түзету орталықтары, түрлі үйірмелердің де есігі кешкі 10-ға дейін ашық болады.

Азат Жұматаев – СҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:

– Мешіттерде адамдардың қатысуымен 5 уақыт намаз оқуға рұқсат етіледі. Бірақ, келушілердің саны 30 пайыздан немесе 100 адамнан аспауы тиіс. Ал жұма намазы тек ауылдық жерлерде ғана ұйымдастырылуы керек. Театрлар да өз жұмысын бастайды. Қонақтар шахматтық тәртіпте отырулары қажет.

Қоғамдық тамақтану орындары да таңғы 7-ден түнгі 12-ге дейін жұмыс істейді. Қала және облысаралық кей автобустардың жұмысы қайта жанданады. Сондай-ақ, алдағы күндері мектептегі оқу жүйесіне өзгертулер енгізілмек.

Азат Жұматаев – СҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:

– Наурыздың 1-інен бастап мектептерде оқыту жүйесі аралас форматта жүргізілетін болады. Яғни, сабақтардың бір бөлігі штаттық режимде ұйымдастырылса, қалғаны онлайн өтеді.

Қазір облыс бойынша тек бір елді мекен ғана карантинге жабылып, блокпост қойылған. Бұл – Қызылжар ауданындағы Соколовка селосы. Аудандық деңгейдегі жиынның шешімі бойынша шектеу шаралары әлі бірнеше күнге жалғасады. Өйткені, бір ауылдың өзінен өткен аптада 2 коронавирус инфекциясы анықталған.

Маржан Қасымбек