МТРА жаңалықтарыӘр түрлі

10 жылда алғаш рет өңірде бал аралары қыстауда

Карпатка, кАрника, бакфаст. Бұл – Пасека-Қызылжар серіктестігіндегі аралардың түрлері. Омарташылар  солтүстіктің ауа райына төзімді жәндіктерді арнайы таңдаған екен. Себебі, бал жинаушы жәндіктер  биыл алғаш рет  солтүстік өңірде қыстауда. Аралар қазір – жертөледе.

Өңірдегі ең ірі омарташылықтардың бірі, ол – Қызылжар серіктестігі. Мұндағы мамандар жыл сайын жәндіктерді алқаптарға жіберіп, тәтті өнім жинайды. Бұл орталықтың пайдалы балдары көпшілікке жақсы таныс. Серіктестік директоры Олег Гавриловтың сөзінше, әр жылы 10 тоннаға жуық бал жиналады екен. Жәндіктер осыған дейін күн суыта бастағанда жылы жаққа жіберілетін. Ал биыл алғаш рет солтүстікте қыстауда.

Олег Гаврилов, «Пасека Қызылжар» ЖШС директоры:

– Былтырғы жылы пандемияның салдарынан аралар өлкемізге кеш жеткізілді. Содан біраз қиындықтар туындаған болатын. Мұндай жағдай қайталанбас үшін биыл алғаш рет тәжірибе жасап көрейік деп шештік. Яғни, жәндіктердің жартысын оңтүстікке жібердік, кейбірін осында жертөледе сақтаудамыз. Ал қалғанын қар астында қалдырдық. Жалпы, қыстау жақсы өтіп жатыр. Араларды таза балмен қоректендірудеміз.

Карпатка, карника, бакфаст – бұл мұндағы жәндіктердің түрлері. Омарташылар теріскейдің ауа райына төзімді араларды арнайы таңдаған екен. Олар қыстауға қарашаның аяғында кіргізілген. Ал наурыздың соңына таман далаға шығарылады. Енді жертөле ішіндегі жағдайға тоқталып өтейік. Мұндағы ауа температурасы +1,2 градус. Бұл аралар үшін норма болып табылады.

Алтынай Қазиқан – тілші:

–  Мына жертөледе омарташылар бал араларына қыстап шығулары үшін тиісті жағдайды жасаған. Яғни, жылы температура, қажетті ылғал, желдету жүйесі, тағысын тағы. Бүгінде мұнда 50 жанұя бар. 400 мыңға жуық жәндік мекен етеді. Қазір олардың барлығы тәтті ұйқыда жатыр.

Бал араларына жақынырақ зер салу үшін үйлерінің қақпағын ашып көрдік. “Ұшып кете ме?”,- деген қорқыныш болды. Алайда, омарташылар олардың жарықта ғана шығатындарын айтты. Сол себепті, жәндіктер қараңғыда қыстауда. Жәндіктердің жағдайын «Пасека Қызылжар» серіктестігін директоры Олег Гаврилов өзі айына 2 рет тексеріп отырады екен.

Олег Гаврилов, «Пасека Қызылжар» ЖШС директоры:

– Біздің өлкеміздің табиғаты омарташылықпен айналысуға зор мүмкіндік береді. Түрлі пайдалы шөптер өседі, одан хош иісті бал алуға болады. Биыл әр жанұядан 100 келі тәтті өнім аламыз деп ниеттеніп отырмыз. Жалпы, солтүстіктің балын көпшілік мақтайды. Кәсібімізді одан әрі дамытып, экспортқа да шыға аламыз.

Жоғарыда айтып өткендей жертөледе 50 жанұя бар. Оның әрқайсысында 70 мыңнан астам жәндік бар. Омарташылар қыстау ойдағыдай өтсе, жыл сайын араларды өлкеде қалдыруды жоспарлап отыр.

Алтынай Қазиқан