МТРА жаңалықтары

Жарылыстан зардап шеккендердің барлығына көмек көрсетіледі

Жарылыстан зардап шеккен жандардың ешқайсысы / назардан тыс қалмайды. Нысан иелеріне алдағы 2-3 күнде / қалалық бюджеттен / 300 мың теңгеден беріледі. Ал пәтерді жалдап тұрған азаматтарға / арнайы қордан қолдау көрсетіледі. Бүгін қала әкімі Болат Жұмабеков / осылай деді. Журналистерге берген сұхбатында / жөнделіп жатқан нысанның қашан / қайта тапсырылатынын да айтты.

Бұл – 4 күн бұрын жарылыс болған жатақхана. Жексенбі күнгі жантүршігерлік оқиғаны нысанның қасбетіндегі күйе болып қалған жерлер еске салады. Дәмхананың кіреберісі алынып, сынған терезелердің басым бөлігі жаңасына ауыстырылыпты. Ғимараттың сыртынан бөлек, ішінде де жұмыс қызу жүріп жатыр. Мамандар күндіз-түні бөлмелерді қалыпқа келтіруде. Қала әкімінің сөзінше, ғимарат тұруға жарамды.

Болат Жұмабеков – Петропавл қаласының әкімі:


–  Жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 6 құрылыс, 6 коммуналдық компания ішкі жұмыстарды атқаруда. Су дайын. Жылу берілді. Нысанның сол жағына 1-2 күнде тұрғындардың қайта кіруіне рұқсат етіледі.

Ал бөлме иелеріне апта басында 100 АЕК көлемінде әлеуметтік көмек беріледі делінген болатын. Қазір тізім жасалып жатыр екен. 300 мың теңге тұрғындардың есепшотына 2-3 күнде аударылады. Ал пәтерді жалдап тұрғандардың жайы не болмақ? Оларға қандай жәрдем көрсетіледі? Қала әкімі Болат Жұмабеков бұл сұрақтың да жауабын берді.

Болат Жұмабеков – Петропавл қаласының әкімі:

 

– Бюджетке ілікпей, төлем беруге жатпайтын жандарға қор арқылы көмек көрсетіледі. 2 комиссия құрылды. Бәріне ақша беріледі.

Жарылыс кезінде жарақат алған 13 адамның 5-еуі бүгінде ауруханадан шығарылған. Ертең 10 жастағы бала да аман-есен ата-анасының қолына тапсырылады.

Гүлнәр Қалиева – СҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:

 

– Қазіргі таңда ауруханада 8 адам жатыр. Оның екеуі -реанимацияда. Бір ер адам – облыстық көпбейінді ауруханада. Қыз бала – қалалық көпбейінді ауруханада. Жағдайы аса ауыр деп бағалануда. Өкпені желдету аппаратына қосылған. Дәрігерлер қандай да бір болжам жасауға әлі ерте дейді.

Қазір тұрғындардың басым бөлігі уақытша жергілікті университеттің 2-ші жатақханасында тұрып жатыр. Ал қалғандары өз қалауымен туған-туыстарының үйін паналауда.

Маржан Қасымбек