МТРА жаңалықтары

Өңір басшысы онлайн-қабылдау өткізді

Көкейді мазалаған сұрақтар қойылды, тұшымды жауаптар айтылды. Кеше өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов / кезекті мәрте азаматтарды онлайн-қабылдау өткізді. Бұл жолы / аймақ басшысына / базынасы мен өтінішін / 3 солтүстікқазақстандық жеткізді.

Оңтүстіктен солтүстікке! Елімізде бірнеше жылдан бері жұмыс күші басым өңірлерден жұмыс күші тапшы өңірлерге тұрғындар көшіріліп жатыр. Бүгінге дейін аққайыңдар өлкесі мындаған адамды қабылдапты. Осы күні бұл іс “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылады. Тиісінше, ағайынға Үкімет тарапынан қолдау көрсетіледі. Яғни, жол шығыны өтеледі, үй жалға беріледі, жұмыспен қамтамасыз етіледі. Қазір бұл салада проблема жоқ емес, бар. Күрмеуі күрделі мәселелердің денін әлеуметтік жауапкершілігі төмен мердігерлер тудырып отыр. Мәселен, Мамлют ауданындағы Покровка селосында тұратын Мақпал Тоқтанаеваның небәрі 2019 жылы салынған баспанасы сыр берген. Көпбалалы ананың сөзінше, үй суық, қабырға жарылып жатыр. Азаматша базынасын арнайы ұйымдастырылған онлайн-қабылдауда аймақ басшысы Құмар Ақсақаловқа жеткізді.

Мақпал Тоқтанаева – Покровка селосының тұрғыны, Мамлют ауданы:

– Келген кезде жылу бойынша мен бірнеше рет хат алмасқан болатынмын. Жылу қараша айында берілді. Бірақ, қазір үйдің қабырғасы жарылып жатыр. Үйдің астынан келген жел үйдің үстінен шығады. Қазір 1 бөлмеде отырмыз. Өзім 4 баланың анасымын. 1 балам – мүгедек.

Нәзікжанды қақаған қыста үйіміз құлап қала деп қорқады. Нысанның сапасыз салынғаны расталған. Аудан әкімі Покровкаға арнайы барып, 2019 жылы бой көтерген бірнеше үйден олқылық тауыпты. Оның барлығын жауапсыз мердігер ретке келтіреді. Себебі, 2 жылдық кепілдік бар. Ал ретке келтірмесе, мәселе сотта қаралмақ.

Владислав Лукин – Мамлют ауданының әкімі:

– Үй құламайды. Негізгі проблема қабырғада жарықтың пайда болуы мен тиісті терезелердің қойылмауында болып отыр. Іске жауапты тұлға жұқа терезені орнатып кеткен. Салдарынан баспана ішіне суық кіруде. Бұл олқылықтардың барлығын мердігер түзейді, біз оған осындай талап қойып отырмыз. Тағы бір мәселе – жылытқыш материал мен қасбет қабырғадан ажырап кеткен. Аталған шаруалардың барлығымен күн жылынған уақытта айналыса аламыз.

Мақпал Тоқтанаеваны жіті тыңдаған Құмар Ақсақалов кемшіліктерді мердігер түзейді, түзеуге жарамаса, өзге баспана беру жайы қарастырылады деді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Көктемде бұның барлығын дұрыстаймыз. Сылақ қана жарылса, ол жөнделеді. Ал қабырға жарылса, сізге басқа үй берілуі қажет.

Тілдесу барысында облыс әкімі үй салу ісінде мынандай механизм барын айтты. Қазір өңір басшылығы мердігерлерден 1 тұрғын жайды 7 млн теңгеге сатып алады екен. “Қоныстанушы отбасылар өз-өздеріне баспана тұрғызу үшін осы қаражатты қолдарына беруге болады”,- деді Құмар Ақсақалов. Қаржының 5,5 млн-ы – материалға, қалғаны жұмысшылардың жалақысына жұмсалмақ. Айта кетерлігі, материалдың өзін де жергілікті билік береді. Тек аталған соманы өтеу қажет. Мұндай шаруа жүзеге асса, сапалы үйлер салынады, Мақпал Тоқтанаеваныкіндей проблема туындамайды. Келесі мәселе – жұмыспен қамту. Азаматша да, күйеуі де мемлекеттен 530 мың теңге көлемінде грант алыпты. Бірақ, ақша игеріліп жатқан жоқ. Себебі, қыз жасауын тігетін нәзікжандыға тойлардың өткізілмеуіне байланысты тапсырыс түспейтін болыпты. Ал жолдасы құлпынай өсіру үшін жылыжай орнатыпты. Алайда, өткен жылы жемісті егіп үлгермеген. Облыс әкімі жерлесімізге әр істе қиындықтар болатынын айта келе, ерінбей еңбек етуге шақырды.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Жассыңдар. Көшкеннен кейін жұмыс істеу керек. Солай емес пе? Үйдің де мәселесі дұрысталар. Біраз азаматтар көшіп келіп жатыр. Мысалы, 2016 жылдан бері 6 мыңнан астам адам көшіп келді. Жұмыс істеп жатыр. Осылай грант алып, жұмысқа орналасып, кәсібін ашып. Мұғалімдері бар, дәрігерлері бар.

Кезек Маржан Валиеваға да келді. Қоныс аударушылар үшін үй тұрғызып жүрген азаматша бұған дейін де облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың онлай-қабылдауында болып, негізсіз салынған салық жайлы баяндаған болатын. Сонда өңір жетекшісі 10 бірдей баспана тұрғызылған Тайынша және Жамбыл аудандарының басшыларына мәселені реттеуді тапсырды. Проблема көп ұзамай шешіліпті. Кәсіпкер қазір мемлекетке бір тиын да қарыз емес.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– 2 ауданның әкіміне тапсырма беремін. Маржан 2 жылдан бері үй салғызып, оңтүстіктен адамдарды тартып шырылдап жүр. Біраз еңбек атқарды. Сондықтан, осындай қыздарға көмектесіп тұрыңдар.

Жеңіс Шерхан заманауи би түрлерін меңгерген күллі жастардың атынан жүгініп отыр. Біздің өңірде “брейк-данс”-ты жандары сүйетін жастар көп екен. Араларында болашағынан зор үміт күттіретін, әлемдік аренада ел намысын абыроймен қорғайтын қыз-жігіттер де бар. Оларға қолдау қажет делінді.

Шерхан Жеңіс:

–  Қазір брейк-данс – олимпиадалық спорт түрі. Әлемнің ең мықты елдерінің қатарына кіреміз. Облысымыздың 1 спортшысы қазір Мәсеуде. Сол жігіттен үлкен үміт күтіп жүрміз.

Алда олимпиада ойындары бар, одан өзге түрлі деңгейдегі жарыстар бар. Жігіттер соларға қатысып, ел мерейін асыруға ниетті. Өңір жетекшісі облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысына қыз-жігіттерді қолдау бойынша жұмысты бастауды тапсырды.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Құжаттардың барлығын ретке келтіріңіздер. Қажеттілік туындаса, қосымша ақша бөлеміз. Брейк-данс жастар үшін қызықты спорт түрі деп білемін.

Сөз соңында облыс әкімі спорттық би түрлерін сүйетін жастардың өнерін, бастамасын қос қолдап қолдайтынын және көмек көрсетілетіндігін жеткізді.

Байболат Бектемірұлы