Ерiктiлер

Волонтерлер жалғызбасты қарттарға қар тазалауға көмектесуде

Волонтерлер жалғызбасты қарттарға қар тазалауға көмектесуде. Белсенді жастар бүгіннің өзінде 20-дан астам баспанаға барып, көмек қолын созды. Еріктілердің қатарында студенттерден бөлек, мектеп оқушылары да бар.

Ақпан әлі қытымыр мінезін танытуда. Кеше ауа райы тағы бұзылып, қалың қар жауып, арты боланға ұласты. Желмен келген ақ ұлпа, тіпті, облыс орталығындағы көпқабатты нысандардың маңына үйіліп, тұрғындардың жүруі қиындады. Қала шетіндегі жер үйлердің жағдайын айтпасақ та белгілі. Береке ықшам ауданында тұратын Римма Овруцкая кешеден бері далаға шыға алмай отырған. Баспанасының алдын қар басып қалыпты. Жалғызбасты зейнеткерге волонтерлер келіп көмектесті.

Римма Овруцкая – қала тұрғыны:

– Мен екінші топтағы мүгедекпін. 6 жыл бұрын бір аяғымнан айырылдым. Таяқтың көмегімен ғана қозғалып жүрмін. Жалғыз өзіме үй шаруасын атқару қиынның-қиыны. Әсіресе, қыс кезінде. Отын мен су тасып, қар тазалауға шамам жетпейді.

Зейнеткердің жұбайы мен жар дегенде жалғыз ұлы осыдан бірнеше жыл бұрын көз жұмған. Көрші-қолаң мен волонтерлер болмаса, көмек қолын созатын жақыны жоқ. Жәрдемдесуге белсенді жастар қашан да дайын. Олар небәрі жарты сағаттың ішінде үйдің маңын толық тазалап, арғы бетіне ауысты.

Римма Овруцкая – қала тұрғыны:

– Волонтерлер былтыр да көмектесті. Бірде-бір рет өзім хабарласқан емеспін. Мені өздері іздеп келіп, шаруаның барлығын тындырып кетеді. Жастарға да, оларды осындай мейірімді етіп тәрбиелеген ата-анасына да алғысымды білдіремін.

Бұл – еріктілер көмек қолын созып отырған 10-шы үй. Жастар кешке дейін тағы осынша баспанаға барып, жалғызбасты қарттарға қолғабыс етпек.

Азат Мұхамеджанов – қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі:

– Таңның өзінде 50-ден астам жалғызбасты зейнеткерден қоңырау келіп түсті. Біз ең алдымен қаланың шетінде орналасқан қарттарға көмектесудеміз. Мұндағы шаруа аяқталған соң, басқа жерлерге де барамыз.

Волентерлерден құралған топтың ішінде жергілікті университет пен колледж студенттері, мектеп оқушылары да бар.

 

Маржан Касымбек