Құқық қорғау органдары

СҚО-да есірткі саудасымен айналысқан 4 адам құрықталды

Отбасылық заңсыз бизнес. Солтүстік Қазақстан облысында қос ғашық синтетикалық есірткіні қолдан жасап, оны сатқан. Тіпті, ол үшін арнайы зертхана жасақтап алыпты. Бұл іске туыстарының да қатысы бар болып отыр. 4 адам қазір – тергеу изоляторында.

Есірткі әзірлеуге арналған зертхана қалада емес, қаладан 120 шақырым жерден табылып отыр. Нақтырақ айтқанда, Жамбыл ауданындағы ауылдардың бірінде орналасқан. Жасырын орында заңсыз бизнеске қажеттінің бәрі болған. Есірткі салуға арналған қаптамалар, колба, өлшеуіш ыдыс, шприцтер мен қорғаныс костюмдер. Мұның барлығын пысықайлар синтетикалық “тұзды” әзірлеген кезде қолданған.

Сұлтанғазы Біләлов – СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі:

 – Ағымдағы жылдың 19-шы ақпанында өткізілген арнайы операцияда іске қатысы бар тұлғалар ұсталып, тұратын жерлеріне тінту жүргізу кезінде келесі заттар табылды: 48 дозаға бөлшектенген, сатуға дайындалған шамамен 55 грамм «тұз» – синтетикалық есірткі; есірткіге арналған орауыш материал (зиплок); 12 ұялы телефон; шприцтер; есірткі қабылдауға арналған 10 арнайы құрылғы; дәріхана таразысы; блокнот пен дәптер. Сонымен қатар, зертханадан синтетикалық есірткіге ұқсас ұнтақ тәрізді 700 грамм зат алынды. Аталған дүниелердің барлығы сот-химиялық зерттеуге жіберілді.

Есірткі бизнесімен 40 жас шамасындағы қос ғашық пен олардың жақын туыстары айналысыпты. Күдіктілер қамауға алынды. Аталған фактіге қатысты ҚР ҚК 297-бабы бойынша іс қозғалып, тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

Жалпы, жыл басынан бері өңірде есірткі бизнесіне қатысты 31 факті тіркеліп, 42 адам құрықталған. Тәркіленіп алынған нашаның көлемі 17 келіні құрайды.

 

 

 

Бисенова Жанна