Спорт

Кикбоксингтен Солтүстік Қазақстан кубогы өтуде

Пандемияға байланысты бір жылдық үзілістен кейін кикбоксшылар Петропавлда  Солтүстік Қазақстан кубогында бас қосты. Жарыс  ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 32 жыл толуына орай ұйымдастырылуда. Байрақты бәсекеде 100-ге тарта спортшы бақ сынауда.

Жарыстың шымылдығын 60 келі салмақ дәрежесіндегі спортшылар ашты. Ортада – Семей мен Қарағанды қаласынан келген жастар. Екеуі де аянып қалмай, жеңіс үшін барларын салуда. 3 раундтан тұратын кездесуде шығыстық жігіт ширақ көрінеді. Оның соққылары қарсыласына қарағанда дәлірек тиді. Мұны төрешілер есепке алып, Арнал Қанапияновтың қолын көтерді.

Арнал Қанапиянов – жарысқа қатысушы,ШҚО:

– Бүгін шаршы алаңға 1 жылдық үзілістен кейін қайта шығып отырмын. Көрсеткен өнеріме көңілім толады. Қарсыласым маған қарағанда әлдеқайда жас, бірақ, соған қарамастан лайықты қарсылық танытты. Оның физикалық күші мен техникалық шеберлігін жоғары бағалаймын. Алда әлі мықты спортшылар бар. Әр кездесуде жеңіске жетемін деп ойлаймын.

Арнал Қанапиянов өзінің спорттық маңсабында 78 кездесу өткізіп, оның 73-інде жеңіске жеткен екен. Бес дүркін Қазақстан чемпионы деген атағы бар. Оның келесі қарсыласы теріскейлік Алмас Тампеев болмақ. Солтүстікқазақстандық бұған дейін қостанайлық жігітті тізе бүктірген.

Жалпы, кикбоксингтан “Солтүстік Қазақстан кубогы” жыл сайын өткізіледі. Биылғы дода Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына және Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 32 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр.

Қайрат Смағұлов – кикбоксингтен Қазақстан құрамасының бас бапкері:

– Еліміздің түкпір-түкпірінен 100-ге тарта спортшы келді. Мақсатымыз – алдағы Қазақстан чемпионатына дайындау, онда біздің құрама командамызға іріктеу өтеді. Қыркүйек айында Түркия елінде “Ислам ойындары” және қараша айында әлем чемпионаты бар.

Жарыста күш сынасып жатқан жігіттер 12 салмақ дәрежесі бойынша өзара мықтыны анықтамақ. Ең соңғы, яғни, финалдық кездесулер ақпанның 27-сі күні өткізілмек.

 

 

 

Алдияр Айтпаев