ТЖ

Бір жарым күнде айлық нормадан екі есе көп қар түскен

Кешегі ат құлағы көрінбейтін дүлей боран солтүстік жұртын әбден әлекке салды. 150-ге жуық адам қар құрсауында қалып, 5 адам адасып кетті. Бұл ретте құтқарушылар біраз жұмыс атқарды. Ауыл түгіл, қаланың ішінде жүріп-тұру  қиынның қиынына айналды.

Бұл – Покровка тұсындағы көпір. Қаз-қатар тізілген көліктер бері өте алмай тұр. Алда оппа қар жатыр.

Ал мынау – қаланың қақ ортасы.

Осындай видеожазбаларды әлеуметтік желілерден көптеп көруге болады.
Жұрт аң-таң. Қысқа тән құбылыс болса да соншалықты қар жауып, боран боратқаны несі? Көбінің көлігі қардан жылтиып қана тұрды, біреулері үйлерінің есіктерін итеріп ашып, енді бірі ауласынан шыға алмай жатты. Таңертең жұмысқа ағылған жаяу жүргіншілер біреу салған бір ізбен ғана жүрулеріне тура келді.

– Таңертең далаға шығарда әуелі баспалдақты тазалап алдым. Әйтпесе, өте алмас едім.

 – Қар көп жауды. Мен жер үйде тұрамын. Үйдің алдында үйілген қарды күреп шығару керек.

Синоптиктердің айтуынша бір жарым күнде жауған қардың көлемі бір айлық нормадан асып түскен. Жұмыс коммуналдық кәсіпорын қызметкерлері үшін де көбейді. Олар қазір бар күштерін салып облыс орталығын қардан тазалап жатыр.

Әсем Айтолла – қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:

– Бүгінде коммуналдық қызметкерлер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Түнгі уақытта қалаға 107 техника шықты. Бастысы – магистральды жолдар тазартылды. Күндіз шаруаға 100 техника жұмылдырылған. Одан бөлек, 200 адам жаяу жүргіншілерге арналған жолдарды тазартып жатыр.

Ақтүтекте коммуналдық қызметкерлерден бөлек, жергілікті құтқарушылар да кірпік қақпай қызмет атқарды. Мәселен, кеше қызметкерлерге Есіл ауданында 18 жастағы жігіттің жоғалғандығы жайлы хабар түскен. Ол таңғы 11-де атпен жолға шығып, хабар-ошарсыз кеткен. Ұзақ уақыт бойы байланысқа шықпағасын әкесі кешкі 7-лер шамасында Төтенше жағдайлар департаментіне жүгінеді.

Мұрат Қанғожинов – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Біз жедел іздестіру шарасына кірісіп, іздеу салынған жанды түнгі 2-лер шамасында Явленка ауылынан 4 шақырым жерде орналасқан орманнан таптық. Абырой болғанда, жігіт дін аман. Дәл осындай жағдай Аққайың мен Тайынша ауданында да тіркелді. Адамдар табылды.

Кеше Есіл ауданында да 2 бірдей бақташы жоғалып кетеді. Амангелді ауылының қос тұрғыны кешкі 7-де табынға шығып, адасып кетіп, боранда қалып қойған. Ұялы телефонның арқасында құтқарушыларға өздері жайлы хабар беріп отырады. Боранның күштілігі соншалық, мамандар бақташылар жаққа өте алмаған. Ақыры, боран бәсеңсіп, 2 бақташы да аман-есен табылды.

Осылайша, кешегі дүлей боранда солтүстікқазақстандық құтқарушылар жоғалған 5 адамның бәрін тапты. Одан бөлек дауылды ескертуді елемей, жолға шығып, қар құрсауында қалған 150-ге жуық адамды құтқарған.

Мұрат Қанғожинов – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Соңғы тәулікте құтқарушылар 145 адамды құтқарып, 170-ке жуық жанды жылу қосындарына жеткізді. Құтқару жұмыстарына 300-ге жуық маман мен 180 техника жұмылдырылды.

Алдағы уақытта тағы да қар жауады. Тұман түсіп, боран да көтерілуі мүмкін. Ауа райы бұзылған жағдайда барынша сақтық пен жауапкершілік таныту қажет дейді құтқарушылар. Ең бастысы, ескертуге мән беріп, жолға шықпау керек. Сонда тәуекел де аз болады. Осы жолы 112-ден қатты боран болатыны туралы хабар 1 күн бұрын жіберілген болатын.

 

 

 

Бисенова Жанна