МТРА жаңалықтары

Жарылыс болған жатақхана тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсетілуде

Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Жарылыс болған жатақхана тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсетілуде. Солтүстікқазақстандықтардың бірі  көмекке мұқтаж жандарға – азық-түлік, енді бірі киім-кешек пен тұрмыстық заттар жеткізіп беруде.

Ұн, сұйық май, қарақұмық, күріш. Печеньенің де түр-түрі бар. Облыстық көпбейінді аурухананың қоймасына жиылған азық-түліктің барлығын солтүстікқазақстандықтар әкелген.
Одан қазір осындағы аспаздар түскі ас дайындап жатыр. Мұнда 50 адамға жетерліктей жаңа піскен ыстық нан мен ірімшік қосылған макарон әзірленуде.

Ольга Клишина – облыстық мәслихаттың депутаты, кәсіпкер:

 – Жексенбіде 120 адамға тамақ алып бардық. Келесі күні 50-60 тұрғынға таңғы, кешкі, түскі асын жеткіздік. Тәулігіне бір рет еттен әзірленген тағамдар, ботқа, түрлі көже береміз. Тұрғындар болған келеңсіз жайтты ұмытып, тез күш жинауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тырысып жатырмыз. Әсіресе, кәмелет жасқа толмаған балалар мен зейнеткерлерге ерекше көңіл бөлінуде.

Кейін дайын болған ас пен тіскебасар көлікпен жергілікті университеттің 2-ші жатақханасына жеткізіледі.
Қиын жағдайда қолдауға келген жандарды Полина Айдакова шығып қарсы алды. Зейнеткерді әңгімеге тарттық. Апат орын алған күні ол баласымен бірге үйде теледидар қарап отырған. Бір сәтте айналаның астан-кестеңі шықты дейді. Абырой болғанда екеуіне де зақым келмеген.

Полина Айдакова:

 – Біздің бөлмеміз екінші қабатта дәмханаға жақын жерде орналасқан болатын. Жарылыс болғанда есігіміз сынып, құлап түсті. Газ аралас қою шаң тұрып, бір-бірімізді әзер таптық. Сыртқа шығуға тырыстық. Бірақ, баспалдақ қирап қалыпты. Құтқарушылар келгенге дейін жанымызды шүберекке түйіп, күтіп отырдық.

Мамандар келген соң жатақхана тұрғындары аман-есен сыртқа шығарылған. Қазір тұрғындардың жалғыз жұбанышы – қолдау.
Оларға қол ұшын созып жатқан солтүстікқазақстандықтардың көптігі демеу береді. 10 минут өтпей көмек қолын ұсынып тағы бір жан келді. Қала тұрғыны Светлана Рыбникова азық-түлік, киім-кешек, ыдыс-аяқ сынды қажетті дүниелерді әкеліпті.

Светлана Рыбникова:

 – Зардап шеккен жандарды мейірімге бөлеп, жалғыз еместігін жеткізгім келеді. Қиын жағдайды бастан өткеріп жатыр. Мұндай сәтте бәріміз жұдырық болып жұмылайық. Жерлестерімізге біз жәрдемдеспесек, көмек қолын кім созбақ?! Киім, тамақ, қарапайым тұрмыстық заттардың барлығы керек. Ақшалай болса да қолдау көрсетулеріңізді сұраймын.

Алдағы уақытта жарылыстан зардап шеккен баспана иелеріне қалалық әкімдіктен 100 АЕК көлемінде әлеуметтік көмек берілмек. Сондай-ақ, қиын жағдайға тап болған жерлестерімізге
көмек танытуға ниетті жандар 109 немесе 46-31-82 нөмірлеріне хабарласуларына болады.

 

 

 

Маржан Касымбек