Білім

Республикалық пәнаралық олимпиаданың 3-кезеңі бастау алды

Өңірде республикалық пәнаралық олимпиаданың 3-ші кезеңі бастау алды. Дәстүрлі додада 9 бен 11-ші сынып оқушылары  16 пән бойынша білім жарыстырады. Биыл қатарға  өзін-өзі тану пәні де қосылып отыр.

Пәнаралық олимпидаға қала мектептерінен 135 оқушы қатысып жатыр. Солардың бірі – Кирилл Тыртышный. 15 жастағы жеткіншек химия пәнінен сынақ тапсыруда. Ереже бойынша алғашқы айналымда 2 сағаттың ішінде 5 есепті шығару керек. Ал келесісіне 4 сағат беріледі. Сәйкесінше, тапсырма да күрделірек болмақ. Яғни, 1 практикалық жұмыс. Білімді жеткіншек 3 жыл бойы аталған пәнді тереңірек оқуды қолға алған. Болашақта өмірін химиямен байланыстырғысы келеді.

Кирилл Тыртышный – ЛОРД дарынды балалар үшін мамандандырылған облыстық мектеп-лицейінің оқушысы:

 – Олимпиада өте қиын болды. Соған қарамастан ойымды жинақтап, тапсырманы жақсы орындауға тырыстым. Жалпы, химия пәніне деген қызығушылығым 5-ші сыныпта оянды. Мен үшін аталған пәннің орны бөлек. Алдағы уақытта да білімімді одан әрі дамытып, химик-технолог мамандығын меңгергім келеді.

Дәстүрлі республикалық олимпиада 9 бен 11-ші сынып оқушылары арасында өткізіледі. Онда ұл-қыздар 16 пәннен білім жарыстырады. Биыл тізімге өзін-өзі тану қосылды. Бұрын аталған пәннен бөлек сынақ алынатын. Ал дәстүрлі олимпиада жыл сайын қаңтар айында өткізіліп жүрді. Биыл елдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты сәл кешірек ұйымдастырылып отыр.

Болатхан Жүсіпов – Әдістемелік және ақпараттық технологиялар орталығы директорының орынбасары:

– Офлайн түрде өтсе де біз прокторинг процедурасын өткіземіз. Яғни, оқушыларды видео байланыс арқылы бақылаймыз. Біздің жюриіміз Оқушылар сарайында отыр. Балалардың жұмысын онлайн бақылайды. Біз шифрлап, жұмыстарды қазылар алқасына табыс етеміз. Келесі күні сағат 12-ге дейін нәтижелерді жариялаймыз.

Аудандық деңгейдегі білім додасына аймақ бойынша 4 мыңнан астам оқушы қатысқан. Оның 528-і келесі айналымға өтті. Ал облыстан үздік деп танылғандар республикаға жолдама алатын болады.

 

Казиканова Алтынай