Қоғам

Петропавлда 4 мүлік иелерінің кооперативі бар

“Бір үй – бір бірлестік – бір есепшот”. Бұл – көппәтерлі үйді басқарудың жаңа қағидасы. 2022 жылдың 1-ші шілдесінен  пәтер иелері кооперативтері жұмысын толықтай тоқтатады. Оның орнына қазір біртіндеп мүлік иелерінің бірлестіктері құрылуда. Бүгіннің өзінде қалада мұндай 4 ұйым бар.

Хименко көшесіндегі 9-ші үйде қалада алғашқылардың бірі болып мүлік иелерінің бірлестігі құрылды. Мұнда 229 пәтер бар. Жергілікті ағайынның 70 пайызы тұрғын үйді басқарудың жаңа формасын қолдап, келісімдерін қол қойып растапты. Енді баспана тұрғындары өздері барлық жөндеу жұмыстарына жауапты болып, жұмсалатын шығындарды өздері қадағалайды. Дегенмен, жауапкершілік жүгі бірлестіктің төрағасына артылып отыр.

Виталий Пляшечников – “Хименко, 9” МИБ төрағасы:

– Мүлік иелері бірлестігінің ерекшелігі мынада: бұрынғыдай, яғни пәтер иелері кооперативінің жұмысы сияқты он үйге бір есепшот болмайды. Жаңа жүйе “Бір үй – бір бірлестік – бір есепшот” принципі бойынша жұмыс істейді. Мұның барлығы істің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында қолға алынып отыр.

Жаңашылдықтың тиімділігі жайлы айту, әзірге, қиын. “Себебі, 2 айдың ішінде атқарылған іс ауыз толтырып айтарлықтай емес”, дейді тұрғындар. Дегенмен, нәтижесі уақыттың еншісінде.

– Енді ақшаның қайта кетіп жатқандығын айқын көруге болады. Бұл, әрине, жақсы. Алайда, әзірге ауқымды шаруа атқарылған жоқ.

– Мүлік иелерінің бірлестігі бір шаршы метр үшін 45 теңгеден алады. Мен ай сайын 1500 теңге төлеймін. Бірлестік төрағасы алдағы уақытта нысанда жөндеу жұмыстары жүргізіліп, лифтті қайта іске қосамыз деп отыр. Айтылғанның бәрі орындалса, нұр үстіне нұр болар еді.

Заң бойынша әрбір көппәтерлі үйде бірлестік құрылып, әр үйдің жеке есепшоты болады. Есепшоттың өзі екіге бөлінеді. Біріншісі сантехник, электрик, есепші сынды қызметкерлердің жалақысы бойынша, екіншісі нысанның жөндеу жұмыстарына арналады. Негізі, осындай бірлестік құру үшін үй тұрғындарының 50%-ы келісімдерін берулері керек. Бұл жайлы Петропавл қаласы әкімінің кеңесшісі Анатолий Мишин баян етті.

Анатолий Мишин – Петропавл қаласы әкімінің кеңесшісі:

– Мүлік иелерінің бірлестігін құру үшін заңды тұлға, яғни коммерциялық емес тұлғаны тіркеу қажет. Кейін пәтер иелері жиналыс өткізіп, 3 жылға үй кеңесін және 1 жылға МИБ төрағасын сайлайды. Кейін тиісті құжаттарды жинап, халыққа қызмет көрсету орталығына бару керек. МИБ-тің орнына жай серіктестік құруға да болады. Бұл ретте тұрғындар жеке тұлғаны таңдап, сенімхат жазады.

Жалпы, бүгінде облыс орталығында мыңнан астам көппәтерлі үй бар. Оның жартысынан астамында пәтер иелері кооперативтері жұмыс істейді. 300-ден астамында үйдің үлкендері болса, қалғандарында нысанды басқарудың ешбір формасы жоқ. Ал мүлік иелерінің бірлестігі қала бойынша – әзірге 4-еу.

 

 

Бисенова Жанна