Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыстық әкімдіктің отырысы өтті

Биыл Қызылжар ауданына 1 млн 200 мың құс сатып алынады. Осылайша, өткен жылдан бері ақсап қалған жұмыртқа өндірісі қайта жолға қойылады. Ал өзге аудандарда ондаған сүт фермалары бой көтермек.

Жыл басында өңірде әлеуметтік-экономиаклық дамудың оң динамикасы сақталды. Мәселен, өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда негізгі капиталға салынған ивестиция көлемі 9,9 пайызға артқан.

Әрсен Қазбеков – СҚО экономика басқармасының басшысы:

– Құрылыс жұмыстарының көлемі – 9,5 пайыз. Тұрғын үй енгізу көлемі – 6,7, өнеркәсіп өндірісі 1,2 пайызға ұлғайды. Ал ауыл шаруашылығы болса – 1,2, бөлшек-сауда 8,9 пайызға төмендеді.

Дегенмен, мал шаруашылығында өсім бар. 1 ай ішінде ет өндірісі – 7, ал сүт өндірісі 10,6 пайызға артқан. Ең көп ет өндірген аудандардың бірі – Тайынша. Сүт жөнінен Қызылжар, Есіл, Мамлют аудандары алға шыққан. Жұмыртқа өндірісі бойынша Айыртау мен Ақжар аудандары – көш басында. Десе де, Тайыншада – сүт, ал Есіл, Ақжар аудандары мен Петропавлда ет өндірісі кеміген. Қызылжар ауданында бұл жөнінен төмендеу байқалады. Ал жұмыртқа санының азаюына өткен жылғы құс тұмауы әсер еткен көрінеді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

 – Биыл Қызылжар ауданында жұмыртқа өндірісін тұрақтандыру үшін 1 млн 200 мың құс сатып алу жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде фабрикаларға 546 мың балапан жеткізілді. Наурыз-сәуір айларында құс тұмауынан зардап шеккен фабрикалар жұмыртқа шығаруды жалғастырады деген ойдамыз.


Марат Тасмағамбетов – СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– Как вы сказали, еще дополнительно 612 поголовия зайдет. И в марте-апреле уже все будет нормально.

Жұмыртқа өндірісіндегі кері динамиканы түсінуге болады деді Құмар Ақсақалов. Бірақ, ет өндірісіндегі төмендеудің себебі түсініксіз. Бұл ретте Есіл ауданының әкімі Алтынбек Абдоллаев жауап берді.

Алтынбек Абдоллаев – Есіл ауданының әкімі:

– Бұл жолғы ет өндірісі бойынша артта қалуымызға себеп бар. Өткен жылы бір шаруашылық қожалығындағы 500 бас малдан бруцеллез анықталды. Бірақ, жағдайды 1-ші тоқсанның соңына дейін қалыпқа келтіреміз.

Жиын барысында мал шаруашылығында кері динамика байқалған аудан әкімдері келесі тоқсанға дейін көшке ілесеміз деп сендірді. Жалпы, аққайындар өлкесінде бұл салаға баса назар аударылуда. Ондаған сүт фермалары бой көтеруде, бордақылау алаңдары мен құс фабрикалары салынуда. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын табады. Сондықтан, мердігер компаниялар құрылысшылардың жайын ойластыру қажет,- деді Құмар Ақсақалов.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

 – Құрылыс жұмыстары көктемде басталмақ. Оған дейін бұл нысандарды салатын адамдарды іздестіру керек. Әсіресе, тар бейінді мамандар қажет. Сол себепті, осы бастан олар дайын болулары тиіс. Мәселені қазірден ойластыру қажет.

Мұндай тапсырма бекерден бекер жүктеліп отырған жоқ. Өткен жылы көптеген компаниялар жұмыс күшінің жетіспеушілігіне тап болған көрінеді. Құмар Ақсақаловтың сөзінше өңірдегі құрылыс саласына мемлекеттік қолдау аясында бюджеттен көбірек қаржы сұратуға болады. Ең бастысы, жергілікті мердігерлер салынып жатқан нысанды сапалы тұрғызып, уақытында тапсырулары қажет.

 

 

 

 

Маржан Касымбек