Денсаулық сақтау

Өңірде вакциналаудың екінші кезеңі бастау алды

Өңірде вакциналаудың келесі кезеңі бастау алды. Жоспар бойынша осыдан 21 күн бұрын екпе салдырған 1200 солтүстікқазақстандық  «Спутник V»-дің екінші компонентін қабылдайды. Нәтижесінде ағзада COVID-19-ға қарсы иммунитет қалыптасады.

Дене қызуы тексеріледі, қан қысымы өлшенеді, жұтқыншақ қаралады. Вакцина қабылдаудың дәл алғашқы кезеңіндегідей бұл жолы да дәрігерлер келушілерді жіті бақылайды. Алғашқы компонент қысқа мерзімге, яғни 21 күнге ғана әсерін береді. Ресейлік “Спутник V”-дің екінші дозасын қабылдағанда ғана адам бойында ковид-19-ға қарсы иммунитет қалыптаса бастайды.

Әсет Жұматаев – СҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:

– Жұқпалы аурулармен күрес кезінде екпе егудің маңызы зор. Ол біріншіден, өте тиімді әрі қауіпсіз. Тұрғындарға айтарым, мүмкіншіліктеріңіз болса вакцина қабылдаңыз. Осындай іс-шараларға қатысу арқылы ғана коронавирусты жеңе аламыз деп ойлаймын.

Әсет Жұматаевтің сөзінше, вакцина қабылдаған адамның бойында вирусқа қарсы иммунитет 2 жыл сақталады. Десе де, маскасыз жүруге әлі ерте. Ол үшін халықтың кем дегенде 70%-ы вакцина алуы керек дейді өңірдің бас санитарлық дәрігері. Әзірге, екінші компонетті 1200 медицина қызметкері қабылдауы тиіс. Екпенің келесі партиясы аймаққа ақпан айының соңында немесе наурыздың басында әкелінді. Бұл жолы ресейлік вакцина – “Спутник V”-дің Қарағандыда шығарылған түрі жеткізілмек.

Нұрлан Айманов – СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– «СК-Фармация» Қарағандыда шығарылған вакцинаның 2800 дозасын жеткізуді жоспарлап отыр. Бірден 1-ші және 2-ші компоненті әкелінеді. Кейін екпе егу шарасынан өтпеген медицина қызметкерлеріне салынады. Қатарда күш құрылымдарының қызметкерлері мен педагогтар да бар.

Ал отандық “QazCovid-in” вакцинасын егу шаралары мамыр немесе маусым айларында бастау алады. Қазір клиникалық сынақтардың соңғы – 3-ші кезеңі жүріп жатыр.

 

 

 

 

Маржан Касымбек