МТРА жаңалықтары

Жатақханадағы жарылыстың салдарынан 2 адам қаза тапты

Кеше Петропавлдағы жатақханалардың бірінде болған жарылыстың салдарынан 2 адам қаза тапты. 13 адам ауруханаға жеткізілген. Араларындағы 3-еуінің жағдайлары нашар және өте нашар деп бағалануда. Ал қауіпсіз жерге көшірілген жандардың саны 120-ны құрайды. Бүгін облыс әкімі Құмар Ақсақалов оқиға орнында болып, баспанасыз қалған адамдарға тиісті көмек көрсетілетіндігін мәлімдеді.

Бұл кадрлар кеше жасалған. Қою қара түтіннен түк көрінбейді. Жарылыс болған кезде қарама-қарсы үйде тұратын Мөлдір Шаяхмет жолдасымен бірге есік алдында жүрген. Гүрс еткен дыбысты естіп шошып кеттік дейді. Не болғанын көргенде бірден полицияға хабар беріп, жедел жәрдем шақырған.

Мөлдір Шаяхмет – қала тұрғыны:

– Қатты шошып кеттік. Жарылыс болған үйден әйел адамның дауысы шықты.Тез арада көмек шақырттық. Мұндайды бірінші рет көрдім.

Елді елең еткізген оқыс оқиға күндізгі 4-тер шамасында орын алды. 5 қабатты нысанның 1-ші қабатында орналасқан дәмханалардың бірінде газ баллоны жарылып, артынша алапат өртке ұласқан. Бұл жерге лезде жеткен төтенше жағдайлар қызметкерлері 120 адамды эвакуциялап, отты сөндірді. Кейін іздестіру шараларына көшкен. Өкінішке қарай, мамандар қирандылардың астынан 99-шы жылғы нәзікжандының денесін табады. Ал 24 жастағы жігіт ауруханаға барар жолда жан тапсырған.

Гүлнәр Сайлау – СҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:

– 13 адам түрлі деңгейдегі жарақаттармен емдеу мекемелеріне жеткізілген. Дәрігерлер 20 жастағы нәзікжандының жағдайын тым ауыр деп бағалап отыр. Сондай-ақ, 97-ші жылы туылған екі ер азамат жансақтау бөлімінде жатыр. Зардап шеккендердің ішінде 10 жасар бала да бар. Жеткіншек қазір облыстық балалар ауруханасында ем алуда. Бүгінде оның жағдайы орташа. Жарақат алғандардың ең үлкені 43 жаста.

Жарылыс болған жерде 100-ге жуық адам мен 21 техника жұмыс істеген. Ал полиция қызметкерлері аумақты толық қоршауға алған.

Дана Сәлімқызы – тілші:


– Кеше жарылыс болған жатақхананың қазіргі кейпі мынадай. Көріп тұрғандарыңыздай нысанның алдыңғы бөлігі қатты зақымдалған. Аумақ қоршауға алынды, ары қарай өтуге тыйым салынған. Қазіргі таңда мамандар оқиғаның мән-жайын, шығын көлемін анықтауда.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов қаза тапқан жандардың жақындарына көңіл айтты. Және пәтерсіз қалған адамдарға көмек көрсетілетіндігін мәлімдеді. Алдағы уақытта мұндай жағдайларды болдырмас үшін жуық арада арнайы топ құрылып, қаладағы барлық дәмханалар тексерілетінін де жеткізді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Пәтер иелеріне қаржылай көмек жасалынады. Ғимаратты қалпына келтіру үшін қалалық бюджеттен тиісті қаражат бөлінеді. Осындай оқиғаларды болашақта болдырмас үшін тиісті топ құрылып, қаладағы көпқабатты үйлердің астында орналсқан дәмханалар тексерілетін болады.

Бүгін түс ауа өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында осы қайғылы оқиғаға қатысты брифинг ұйымдастырылды. Жиын барысында облыстың бас құтқарушысы Рамиль Камалов өрттің неден шықаны жайлы мәлімдеме жасады. Сөзінше, 5 қабатты үйдің 1-ші қабатында орналасқан “Қара Жорға” дәмханасында 27 литрлік газ баллоны жарылған. Салдарынан 1-ші және 2-ші қабатттағы жатақхана бөлмелері қатты зақымдалған, тіпті, кейбірінің есік-терезелері қираған, қабырғалары опырылып түскен.

Рамиль Камалов – СҚО ТЖД бастығы:


– Қазіргі таңда балонның жарылу себебі анықталып жатыр. . Оқыс оқиға кезінде нысанның ішінен тағы 27-50 литрлік 7 газ баллоны шығарылды. Қою түтінде құтқарушыларға жұмыс істеуге қиын болды. Дегенмен де барлық тұрғындар қауіпсіз жерге көшірілді.

Баспанасыз қалған тұрғындар жергілікті университеттің жатақханасына көшірілді. Кейбір отбасылар туған-туысқандарының үйлеріне орналасқан. Брифингте қала әкімі Болат Жұмабеков жарылыс орын алған жерде техникалық тексеріс жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Бұл шаруа аяқталғасын 6 бірдей мердігер нысанды жөндеуге кіріспек. Ал қиын жағдайда қалған адамдарға біржолғы көмек көрсетілмек.

Болат Жұмабеков – Петропавл қаласының әкімі:

– Жатақхана ішінде толықтай сараптама жүргізіліп жатыр. Кейін жергілікті 6 мердігер жөндеу жұмыстарына кіріспек. Ал тұрғындарға біржолғы көмек беріледі. Бұдан бөлекте жәрдемдесетін боламыз. Еш бір адам бұл қайғылы оқиғада жалғыз қалмайды.

Сөз соңында айта кетейік, Петропавлда 1150 көпқабатты үй бар. Нысандардың 330-ы орталықтандырылған газбен жабдықталмаған. Солардың бірі – жарылыс орын алған 5 қабатты жатақхана.

Ешкенова Дана