МТРА жаңалықтары

Жануарларға қатысты зорлық-зомбылықты тыю

Жануарларға қатысты зорлық-зомбылықты тыю. Ақпанның 18-і күні Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде дәл осы тақырып төңірегінде брифинг ұйымдастырылды.

Жиында қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулауға немесе атуға қатаң тыйым салу керектігі туралы айтылды. Оның орнына қорғансыз төртаяқтыларды арнайы орынға алып барып, емдеу қажет делінді. Вакцина еккізіп, зарарсыздандырса, оны қамқорлығына алғысы келетін жандар табылады. Мұндай әдісті қазір негізінен батыс өңірлер қолға алып жатса керек. Алайда, соңғы орын алған жағдай көптің жағасын ұстатты. Қаңтардың 7-сі күні атыраулық тұрғын итті көлікке байлап қойып сүйреген. Оны қалада жүрген жерінен адамдар байқап қалып, тоқтатқан. Полиция қызметкерлеріне хабар берген. Бірақ, бұзақыға қатысты шара қолданылмапты. Заң бойынша 200 АЕК көлемінде айыппұл салынуы керек болатын.

Лилия Сарсенова – ҚР “Inucobo” жануарларды қорғау қоғамдық бірлестігінің жетекшісі:

– Ер адам итті автокөліктің жүксалғышынан құлап қалды деп айтқан. Осылайша, жазадан құтылып кетті. Бұл ақылға қонымсыз нәрсе ғой. Жануарды жіппен сүйрегендігі айтпаса да көрініп тұр. Төртаяқтылардың өміріне бейжай қараған дұрыс емес деп ойлаймын. Сондықтан, тиісті заңнамадағы кей тармақтарға өзгерту мен толықтырулар енгізуді ұсынамын.

 

Маржан Касымбек