МТРА жаңалықтары

Өткен жылы дәріханаларға 600-ге жуық тексеріс жүргізілген

Аққайың ауданында дүкен иесі азық-түлікпен бірге заңсыз / дәрі-дәрмек саудалап келген. Бұл фактіні мониторингілік топ өкілдері өткен жылы жүргізген тексеріс барысында тіркеген.
Бақылау шаралары биыл да жалғасын тапты.

Өңірде дәрі-дәрмек қоры жетерлік. Мәселе бағада болып отыр. Дәрі-дәрмекке қатысты жасанды тапшылықты болдырмау, алыпсатарлардың жолын кес-кестеу және бағаның шарықтауына жол бермеу мақсатында арнайы мониторингілік топ жұмыс істеуде.

Виктория Алпеева – СҚО бойынша экономикалық тергеу департаменті басқармасының басшысы:

– Мониторингілік топ құрамына экономикалық тергеу департаменті, полиция, прокуратура, әкімдік және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандары кіреді. Біз күнделікті Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен 41 медикаменттің бар-жоғын әрі бағасын тексеріп отырамыз. Қазір дәрі-дәрмек тапшылығы жоқ.

Тапшылық жоқ, бірақ заңбұзушылықтар бар. Өткен жылы арнайы мониторингілік топ өкілдері өңірдегі дәріханаларға 600-ге жуық тексеріс жүргізген. Нәтижесінде 8 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың қатарында Аққайың ауданындағы іскер жан да бар. Ол дүкенінде азық-түлікпен қатар дәрі-дәрмекті де заңсыз саудалаған.

Виктория Алпеева – СҚО бойынша экономикалық тергеу департаменті басқармасының басшысы:

– Ал қаңтар айында 42 дәріхана бойынша мониторинг жүргіздік. Ақпанда 32 тексеріс өтті. Нәтижесінде қаладағы дәріханалардың бірінде бұзушылық анықталды. “Тромбопол” препараты белгіленген бағадан қымбаттау саудаланған. Дәріхана иесіне ескерту жасалды. Нысан – біздің бақылауымызда. Тексеріс жұмыстары әлі де жалғаспақ.

Естеріңізге сала кетейік, бүгінде өңірде дәрі-дәрмек бағасын тұрақтандыру қоры жұмыс істейді. Оның аясында 6 дәріхана келісім жасасқан.

Ешкенова Дана