Спорт

СҚО-да жекпе-жек пен белбеу күресінен облыстық чемпионат өтті

Өткен сенбіде жекпе-жек пен белбеу күресінен облыстық чемпионат өтті. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған сайыста / өңірдің 6 ауданынан келген 60-тан астам спортшы бақ сынады. Үздік атанғандар ел чемпионатында өңір намысын қорғайтын болады.

Жарыстың шымылдығын беліне белбеу таққан жасөспірім қыздар ашты. Диана Есенбаева – Мамлют ауданының, ал Светлана Бережная Қызылжардың намысын қорғауда. Қос спортшы да оңай шағыларлық жаңғақ емес екен. Екеуі бір бірінің осал тұстарын біраз іздеді. Ақырында жасыл киімдегі Диана алғырлық танытып, қарсыласын тізе бүктірді.

Диана Есенбаева – жарысқа қатысушы, Мамлют ауданы:

–  Әуелде сырттай қарап бақтым. Бірақ, жаттықтырушымның дауысын естіген кезде әрекет жасау керектігін түсіндім. Алғашқы күресім сәтті өтті. Кейінгілерінде де алғырлық танытуға тырысатын боламын.

Одан соң ортаға ұлдар шықты. 46 келі салмақ дәрежесінде күресіп жатқан спортшылар сайысты бірден қыздыра түсті. Қызылжарлық Асылбек Мұхимтаев петропавлдық Самат Маркеевті жамбасқа лақтырайын деп еді, астына өзі түсіп қалды. Осылайша, қарсыласының қоржынына 1 ұпай жіберіп алды. Қателігін түсінген Асылбек бірден ойы мен күшін жинап, Саматты бір емес екі рет жықты. Нәтижесінде 4:1 есебімен жеңіске жетті.

Асылбек Мұхимтаев – жарысқа қатысушы, Қызылжар ауданы:

– Қателігім көп болды. Жоғары порталда жиі қателестім. Күрескен кезде дұрыс жамбасқа ұстай алмай қалам. Осы қателіктерді жібермеу үшін қызу дайындалатын боламын. Чемпионатқа өтемін.

Ал залдың мына бөлігінде 11 жастағы жас спортшылардың жекпе-жегі өтуде. 38 келі салмақ дәрежесі бойынша сайысып жатқан қос жеткіншек – Бәйтерек ауылының тумалары. Бастапқыда Мирастың асығы алшынына түсіп жатқан. Қарсыласына бірнеше рет соққы берді. Бірақ, бұл уақытта Нұрсұлтан оның осал тұсын байқап қалған көрінеді. Ол сәтін тауып бірнеше соққы жасады да, қарсыласының қолын ауыртуға көшті. Осылайша, келесі кезеңге жолдама алды.

Нұрсұлтан Жорабеков – жарысқа қатысушы, Қызылжар ауданы:

– Жекпе-жек – ең күшті спорт түрі. Мен өскенде мықты болғым келеді. Чемпион атануды армандаймын.

Қызылжар мен Мамлюттан бөлек, М.Жұмабаев, Тайынша, Шал ақын аудандары мен Петропавл қаласының спортшылары. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған сайыста жалпы 60-тан астам жасөспірім бақ сынады.

Қанат Омаров – СҚО белбеу күресі федерациясының президенті:


– Ер балалар – 9 салмақ дәрежесінде, ал қыздар 7 категория бойынша бақ сынауда. 38-ден басталады, 80-ге дейін барады. Бұлардың арасында бірінші дәрежелі спортшылар бар. Чемпион болғандар жоқ.

2 күнге жалғасқан сайыстың нәтижесіне сай белбеу күресінен 32 жеткіншек 1-ші және 2-ші орындарды иеленді. Ал жекпе-жектен 18 спортшы үздік атанды. Топ жарған жастар Қазақстан чемпионатында облыс намысын қорғамақ. Белбеуден ел біріншілігі сәуірдің 4-і мен 6-сы аралығында Петропавлда өтеді. Ал жекпе-жектен ел чемпионаты наурыздың 9-ы мен 11-і күндері Ақтөбеде ұйымдастырылмақ.

Маржан Қасымбек