Спорт

Жас хоккейшілер арасында жолдастық кездесу өтті

Жылдам әрі епті жеткіншектердің сайысы. Өткен сенбі күні облыс орталығында жергілікті жас хоккейшілер арасында  жолдастық ойындар өтті. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған шараға 4 команда қатысты.

10 жасар Ерасыл Сәруар – “Құлагер” хоккей құрамасының ойыншысы. Жеткіншек спорттың бұл түріне 3 жыл бұрын ден қойыпты. Жас спортшының арманы асқақ. Болашақта атақты хоккейші болып, ел намысын халықаралық аренада қорғағысы келеді.

Ерасыл Сәруар – Қ.Байболов атындағы облыстық мамандандырылған БЖСМ тәрбиеленушісі:

– Бір рет хоккейді көруге бардым, маған қатты ұнады. Сол кезде әкем үйірмеге жазылуға ұсыныс тастады. Қуанышымда шек болған жоқ. Хоккей – қатал спорт, маған сонысымен ұнайды.

Ерасыл қатарластарымен бірге жолдастық кездесуде өнер көрсетіп жатыр. Ойыншылар бір-біріне лайықты қарсылық танытуда.

Елена Хасенова – Қ.Байболов атындағы облыстық мамандандырылған БЖСМ басшысының орынбасары:

– Жолдастық кездесу 2 жерде өтіп жатыр. “Қарасай” стадионы маңындағы хоккей кортында 2010-2011 жылғы балалар өнер көрсетуде. Ал А.Винокуров спорт сарайында 2008-2009 жылғы жастар ойнап жатыр. Соңында қатысушылар дипломдармен марапатталатын болады.

Жалпы, балалардың барлығы Қ.Байболов атындағы облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде шынығады. Бүгінде мұнда 150-ге жуық жеткіншек хоккеймен айналысады. Жас спортшыларға 4 тәжірибелі маман бапкерлік етеді. Солардың бірі – Рафаил Сингатулин.

Рафаил Сингатулин – Қ.Байболов атындағы облыстық мамандандырылған БЖСМ жаттықтырушысы:

– Біз аптасына 5-6 рет жаттығамыз. Әр жаттығу жиыны 1,5-2 сағатқа созылады. Балалар мұзға шықпас бұрын жарты сағаттай денелерін қыздырып, жаттығулар жасайды. Кейін корт үстінде шынығады.

Рафаил Сингатулин шәкірттерінің хоккейге деген ықыласын жоғары бағалап отыр. Болашақта әрқайсысы чемпион болатынына сенімді.

–  Хоккей шапшаңдылықты талап етеді. Тез қимылдап, тез әрекет жасауға үйренесің.

– Маған үнемі қозғалыста болған ұнайды. Шайба соққанда кеудеңді қуаныш кернейді.

Негізі, жас құлагерліктер наурыз айында елордада өтетін дүбірлі додаға дайындықтарын пысықтап жатыр. Кейін ел біріншілігіне қатысуды жоспарлап отыр.

Жанна Бисенова