ТКШТЖ

Соңғы 2 күнде жауған қар нормадан 3 есеге асып түскен

100-ге жуық адам құтқарылып, 130-дан астам адам  жылыту қосынына жеткізілген. Бейсенбіде басталып, түні бойы соққан боранда қиын жағдайға тап болған жандарды құтқаруға Төтенше жағдайлар департаментінен 20-дан астам маман мен 15-ке жуық техника жұмылдырылған. Ал облыс орталығында коммуналдық кәсіпорындар қарды тазалап әлек. Соңғы 2 күнде өңірде жауған қардың көлемі онкүндік нормадан  3 есеге асып түскен.

Жанна Бисенова – тілші:

– Кешегі боран көптің есінде ұзақ сақталатыны айдан анық. Ақпанның ақ түтегінде қасымыздағы адамды да көрмей қалдық. Айнала – аппақ қар. Таңертең аяқ алып жүру мүмкін болмады. Қазір ақ ұлпаны коммуналдық қызметкерлер тынымсыз тазалап жатыр.

Синоптик мамандардың айтуынша, қалада соңғы 2 тәулікте жауған ақ ұлпаның көлемі онкүндік нормадан 3 есеге асып түскен. Көшелерде кәдімгідей оппа қар жатыр. Әдетте, мұндай жағдайға ауылда тап болатынбыз.

– Таңертең көлігімді тазалауға бір сағаттан астам уақыт кетті. Үй ауласы да ақ ұлпаға толып тұрды.

– Мен далаға таңғы 10-да шықтым. Бұл кезде аула таза болып тұрды. Коммуналдық кызметкерлер жұмыстарына зор жауапкершілікпен қарайды.

– Өзім Бескөлде тұрамын. Таңертен тұрып, аялдамаға әзер бардым. Сонда қар тізеден асып кетті.

Коммуналдық қызметкерлер жауапты іске кеше кірісті. Шаруаға шаһардағы 20 серіктестіктің 100-ге жуық техникасы мен 300-ге тарта маманы жұмылдырылған.

Әсем Айтолла – қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:

– Кешеден бері коммуналдық қызметкерлер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Олар 2 ауысыммен қызмет етуде. 200-ге жақын адам ақ ұлпаны жаяу жүргінші жолдарынан тазартып жатыр. Одан бөлек, таңғы 5-тен бастап қала бойынша құм-тұз қоспасы себілетін болады.

Дауылды ескерту туралы хабарлама уақытында таратылғанымен, соған қарамастан жолға шығатындар бар. Солтүстікқазақстандық құтқарушылар соңғы 2 күнде қар құрсауында қалған 100-ге жуық адамды құтқарған. Оның 9-ы – бала.

Рамиль Камалов – СҚО ТЖД бастығы:

– Кеше сағат 17:15-те бізге Тайынша ауданындағы Құмдықкөл көлінде бір балықшының жоғалып кеткендігі жайлы хабар түсті. Жұбайы оның қарда жүретін техникамен жолға шыққанын, ұялы телефонының сөніп жатқандығын айтты. Бұл ақпарды ала сала мамандар іздеу шарасына кірісті. Оған 14 адам мен 4 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде, азамат таңғы 5 кезінде көл жағасынан табылды. Жағдайы тұрақты.

Өңірде алдағы уақытта да көп көлемде қар жауады деп күтілуде. “Абайлаңыз, дауылды ескерту!” деген хабарлама келсе, оған мән беріңіз.

 

Бисенова Жанна