МТРА жаңалықтары

Орталық базарлардың бірінде «Сапа белгісі» атты фронт-кеңсе ашылды

«Сапа белгісі». Петропавлда орталық базарлардың бірінде осындай атаумен фронт-кеңсе ашылды. Ұйымның мақсаты – опық жеп қалған тұтынушылардың құқығын қорғау. Бүгін осы жөнінде жергілікті  тұтынушылар құқығын қорғау қауымдастығы мен “Jas Otan” жастар қанатының өкілдері өзара келісім жасасты.

Өткен жылы Облыстық тұтынушылар құқығын қорғау қауымдастығына 300-ден астам шағым түскен. Солтүстікқазақстандықтардың басым бөлігі “Тайга” сауда нысанында қызмет ететін кей кәсіпкерлердің жұмысына наразылығын білдірген. Қауымдастық төрайымы Надежда Дубоваяның айтуынша, іскер жандардың бір бөлігі азық-түлік, киім-кешек пен түрлі заттардың бағасын негізсіз өсірген. Саудалап жатқан өнімдерінің сақталу мерзіміне дұрыс мән бермейтіндер де бар. Яғни, тауардың жарамдылық уақыты өтіп кеткеніне қарамастан сөрелерден алып тастамаған.

Надежда Дубовая – СҚО тұтынушылар құқығын қорғау қауымдастығының төрайымы:

– Тұрмыстық техникалардың сапасына шағымданатын жандар да жиі кездеседі. Саудагерлер арасында тұрғындарға дөрекілік танытып, қызметін дұрыс атқармайтындар да бар. Кей жағдайларда тұтынушылар тарапынан да қателіктер кетіп жатады. Оны түсінеміз, әрине. Бірақ, бұл келушілерге қалай болса солай сөйлеуге болады дегенді білдірмейді.

Шағымданушылар саны биыл да аз емес көрінеді. Жергілікті мамандар бұл мәселені бірден қолға алды. Тұтынушылардың құқығын қорғау мақсатында базардың екінші қабатында «Сапа белгісі» атты фронт-кеңсе ашты. Ұйым тек жұма күндері жұмыс істейтін болады. Тұрғындар күндізгі сағат 2 мен 5-тің аралығында осында келіп, өтінімдері мен шағымдарын жеткізуге мүмкіндіктері бар.

Біржан Құдайбергенов – “Jas Otan” ЖҚ СҚОФ төрағасы:

– Өздеріңіз көріп тұрғандай мынадай кесте тұр. Қай күні, қай маман отыратыны белгіленген. Тұрғындар келіп кеңесін ала алады. Жастарымыздың көбі заңдарды дұрыс біле бермейді. Осындай кеңседегі мамандар оларға көмектесетін болады. Біз тиісті адамдарды шақырамыз. Ол тұтынушыға өз кеңесін бере алады.

Тараптар меморандумға қол қойып болғаны сол еді, шағымын айтып бір нәзікжанды келді. Айгерім Мағамбетова осыдан үш күн бұрын «Тайга» базарындағы бутиктердің бірінен көйлек сатып алған екен. Алайда, үйге барған кезде таңдаған тауарының сапасы нашар екенін байқапты.

Айгерім Мағамбетова – қала тұрғыны:

– Көйлектің жіптері шығып кеткен екен. Бастапқыда, оған аса қатты көңіл бөлмедім. Киіп көріп едім, сырғымасы да жұмыс істемей қалды. Сол күні-ақ бірден бутикке келіп, олқылықтарды жеткіздім. Сатушыға чекті көрсетіп, ақшаны қайтарып беруін сұрадым. Бірақ, ол маған мән де берген жоқ, тауар қайтарылмайды деп шығарып салды.

Айгерімді көйлекке жұмсаған ақшасы емес, саудагердің қарым-қатынасы толғандырады. Нәзікжанды мұндай жағдайға басқаралардың тап болғанын қаламайды. Өз наразылығын жеткізді. Енді 10 күн ішінде Тұтынушылар құқығын қорғау қауымдастығының мамандары мәселені қарап, саудагермен әңгіме жүргізбек. Егер сатушы ескертулерді елемесе, бұл іспен тиісті орган айналысатын болады.

 

 

 

 

Маржан Касымбек