COVID-19: Қазақстан

Медициналық көмектің сапасы – назарда

Арнайы құрылған мониторингілік топ өкілдері  ауруханаларды бақылауда. Бұл жолы мамандар  Тайынша ауданындағы Келлеровка селосында орналасқан инфекциялық госпитальде болды. Мұнда мамандар / науқастарға көрсетілетін қызмет сапасын тексерді, дәрігерлерге жасалған жағдаймен танысты. Кейін, елді мекендегі дәріханаларға ат басын бұрды.

Өткен жылдың қазан айында Тайынша ауданына қарасты Келлеровка селосында 160 орынға шақталған инфекциялық емдеу мекемесі ашылды. Содан бері мұнда 240-қа жуық науқас ем алыпты. Басым бөлігі – тайыншалықтар. Өзгесі – жақын маңдағы аудандардың тұрғындары. Ал бүгінде бұл жерде 12 адамға медициналық көмек көрсетілуде. Пациенттердің қандай жағдайда емделіп жатқандарын көру үшін арнайы мониторингілік топ өкілдері қорғаныс костюмдерін киіп, палатаға кірді.

– Ең алдымен ақ халатты абзал жандарға алғысымды білдіремін. Олар күн-түн демей еңбектенуде. Науқастар үшін барлық жағдай жасалған. Еш наразылығым жоқ.

Кейін мониторингілік топ өкілдері дәрігерлердің қандай жағдайда жұмыс істеп жатқандарын қарады. Мұндағы ақ халаттылар екі ауысым бойынша еңбек етуде. Өздерінің жеке тамақтану орындары да, кір жуатын бөлмелері де бар. Құрал-жабдық жайына келейік. Қазір емдеу мекемесінің базасында 2 мыңға жуық жеке қорғаныс құралы мен 7 өкпені жасанды желдету аппараты бар.

Анатолий Рафальский – Тайынша көпбейінді ауданаралық ауруханасының бас дәрігері:

– Жаңадан тұрғызылған госпиталь тас жолдың бойында, яғни елді мекеннен ары қарай орналасқан. Емдеу мекемесі 160 орынға шақталып салынды. Мұнда тәжірибелі дәрігерлер мен оттегі баллондарын қолдануды білетін санитарлар және науқастарға күтім жасайтын өзге мамандар кезекшілік етеді.

Аурахананың бас дәрігері Анатолий Рафальскийдің айтуынша, 2020 жылдың басында емдеу мекемесіндегі вирусқа қарсы препараттардың жиынтығы бір апталық қорды ғана құрапты. Қазіргі таңда жағдай түпкілікті өзгерген. Бүгінде мұнда қажетті дәрі-дәрмектің көлемі ұзақ уақытқа жетеді.

Нұрлан Жахин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары:

– Мониторингтік топ мүшелері ретінде біз медициналық көмектің қолжетімділігі мен дәрілік препараттардың жеткілікті екендігіне көз жеткізуіміз қажет. Сондықтан, осындай тексеріс жұмыстарын жүргізудеміз. Келлеровка селосында орналасқан инфекциялық мекемеде ешқандай кемшілік анықталмады. Мұндағы жұмыс санитарлық талапқа сай жүргізілуде. Дәл осындай тексеріс шарасы алдағы уақытта да жүргізілетін болады.

Емдеу мекемесін тексеріп болған соң, арнайы мониторингілік топ өкілдері елді мекендегі екі дәріханаға бас сұқты. Екеуінде де 45 өнім аталымының барлығы да бар екен. Дегенмен де дәріханалардағы парацетамолдың құны әр түрлі болып шықты. Біреуінде – 190 теңге, ал екіншісінде 168 теңгеден саудалануда. Мониторингілік топтың жетекшісі Нұрлан Жахин бұл факті бақылауға алынатындығын мәлім етті.

Ешкенова Дана