МТРА жаңалықтары

Былтыр өңірде 2 мемлекеттік қызметші жұмысынан босатылған

Өткен жылы елімізде 6 саяси қызметші отставкаға жіберілген. Олар сыбайлас жемқорлыққа қатыстылықтары немесе қарамағындағы жандар бармақ басты, көз қыстылыққа барғандары үшін жұмыстан қуылған. Экс-шенеуніктердің екеуі – солтүстікқазақстандықтар.

Бұл жайлы облыс әкімдігінде өткен жиында айтылды. Жалпы, өткен жылы Ернар Баянғазин басқаратын департамент 99 қылмысты тіркепті. Оның 54-і – пара беру-пара алу, ал 25-і мемлекеттік ақшаны жымқыру болып табылады. Құқық бұзушылықтардың 30-ын – әкімдік мамандары, 16-сын аумақтық мемлекеттік органдардың өкілдері жасаған. Дегенмен, Солтүстік Қазақстан облысы жемқорлық фактілері төмен өңірлер қатарына еніп отыр.

Ернар Баянғазин – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Жүргізілген сауалнама кезінде азаматтардың 95,5% және бизнес өкілдерінің 99,3% қандай да бір мәселені шешу кезінде жемқорлыққа жолықпағанын айтқан. Алайда, сыбайлас жемқорлық көп кездесетін мемлекеттік мекемелер емханалар мен ауруханалар, полиция, салық, өрт сөндіру қызметі деп көрсеткен. Тағы, бұл тізімге жер қатынастары органдары, халыққа қызмет көрсету орталықтары, мемлекеттік балабақшалар, университеттер де қосылған.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

 – Мемлекет ұстанымын сақтай отыра, мен 2 қызметшіні отставкаға жіберу туралы шешім қабылдадым. Облыс әкімінің орынбасары мен Ақжар ауданының әкімі қарамағындағы мамандар жемқорлық қылмысын жасағандары үшін қызметтерінен босатылды. Егер алдағы уақытта да осындай фактілер қайталанатын болса, қатаң шаралар қолданылады.

Култанов Байболат