Аптадағы маңызды жаңалықтар

Аққайың ауданында жаңа сүт-тауарлы ферма жұмыс істеп тұр

Өткен жылы облысымызда 600 мың тоннаға жуық сүт өндірілген. Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов келешекте бұл көрсеткішті 1 млн тоннаға жеткізу керектігін айтқан болатын. Бұл ретте өлкеде ауқымды шаруа жүргізілуде. Соңғы 3 жылда 12 бірдей сүт фермасы іске қосылды. Биыл тағы 10 кешен салу көзделіп отыр. Өлкедегі заманауи агроқұрылымдардың бірі Аққайың ауданында орналасқан.

Бұл – Аққайың ауданына қарасты Ленинское ауылында небәрі 3 ай бұрын бой көтерген су жаңа сүт-тауарлы ферма. «Иван Зенченко» серіктестігіне тиесілі кәсіпорын 1600 басқа шақталған. Заманауи кешен соңғы үлгідегі қондырғылармен қамтамасыз етілген. Тиісінше, мұндағы шаруаның барлығы автоматты түрде атқарылады.

Сергей Лысенко – «Иван Зенченко» ЖШС кешен меңгерушісі, Аққайың ауданы:

 – Кешендегі заман игіліктерінің барлығы – германиялық өнімдер. Бүгінде фермада 40-қа жуық адам еңбек етеді. Оның 10-ы сиырларды күтумен айналысады. 5 адам техниканы тізігіндесе, тағы 5-уі сауыншылық қызмет атқарады. Соңғылары күніне 100-ден астам сиыр сауады. Кадр тапшылығы жоқ.

Жалпы, кешен 6 корпустан тұрады. Біреуінде Зеңгі баба төлін саууға арналған арнайы қондырғы орналасқан. Мұнда мамандар тұяқтыларды күніне 2-3 реттен сауады. Ал қалған нысандар ірі қараны күтіп-ұстауға арналған. Олардың біреуіне 1200 бас бұзау мен 4-уіне 400 бас сиыр сыяды.

Жанна Бисенова – тілші:

– Мына сиырлар өткен жылдың жазында сонау Германиядан әкелінді. Мамандар симментал тұқымды тұяқтыларды күніне 2 рет азықтандырады. Бір-біреуі тәулігіне 30 литр ақ береді екен.

Мамандар сиырлардың дәл осы тұқымын бекерден-бекер таңдамаған. Симментал сиыры – әлемде ең кең таралған ірі қара мал. Ерекшелігі сол, сүтті өзгелеріне қарағанда 10 литрге молырақ береді әрі түрлі жем-шөпке, климатқа оңай бейімделеді екен.

Сергей Лысенко – «Иван Зенченко» ЖШС кешен меңгерушісі, Аққайың ауданы:

– Бүгінде фермада 1200 бас симментал сиыры мен 500 бұзау бар. Жазға қарай тағы 400 бас алуды жоспарлап отырмыз. Бұл сиырлардың әрқайсысы жылына орташа есеппен 5 мың литрге дейін ақ береді. Сауылған сүт алдымен салқындатылады, сосын барып қаладағы зауыттарға жіберіледі.

Өткен жылы аймаққа жалпы 2800 бас симментал сиыры әкелініпті. Биыл тағы 4 мыңын алу жоспарлануда. Айта кетейік, бүгінде өңірімізде сүт өндірісімен 90-нан астам кәсіпорын айналысады. Оның 21-і – заманауи кешен. Ауқымды шаруа биыл да жалғасын таппақ. 2021-де облыста тағы жаңа фермалар салу көзделіп отыр.

Талғат Наурызбаев – СҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

–  Былтыр өңірде 11 сүт кешенінің құрылысы жоспарланған болатын. 3300 басқа шақталған 5 бірдей кешен қолданысқа тапсырылды. Олар Аққайың, Қызылжар, М.Жұмабаев, Уәлиханов және Айыртау аудандарында орналасқан. Биыл біз облыс бойынша 5 мың басқа шақталған тағы 10 сүт кешенін салуды жоспарлап отырмыз.

Шағын статистика: әр қазақстандық жылына 340 литр сүт ішеді екен. Өткен жылы біздің облыста 600 мың тоннаға жуық сүт өндірілген. Яғни, теріскей өңірі 2 млн-ға жуық отандасымызды сүтпен қамтамасыз етеді деген сөз. Ал бұл – ел халқының 10 пайызы. Бұл жайлы аймақ басшысы Құмар Ақсақалов қаңтар айында өткізген есептік кездесуінде баян еткен болатын.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Аграрлы аймақтағы басты мақсаттардың бірі – сүт саласын дамыту. Соңғы 3 жылда өңірде 12 бірдей сүт фермасы іске қосылды. Биыл бірқатар кешеннің құрылысы бастау алмақ. Нәтижесінде сүт өндірісі өткен жылға қарағанда 51 мың тоннаға ұлғаяды. Келешекте бұл көрсеткішті 1 млн тоннаға дейін жеткізуіміз керек.

 

 

 

 

 

Бисенова Жанна