Қоғам

20-ақпан – Дүниежүзілік әлеуметтік әділеттілік күні

Белсенді, талантты, ең бастысы өмірге құштар. Қаладағы “Солнечный дом” қоғамдық қорына Даун синдромына шалдыққан 50-ге жуық адам барады. Ерекше боп туылған жандар мұнда – тәрбиешілердің қамқорлығында: түрлі үйірмелерге қатысады, уақыттарын тиімді өткізеді.

Петропавлдағы «Солнечный дом» қоғамдық қоры өз жұмысын 2015 жылы бастаған болатын. Содан бері мұндағы ерекше балалар біраз жетістікке жетіп үлгерді. Даун синдромына шалдыққандарды қолдауға арналған қорда балғындар түрлі үйірмелерге қатысады. Мәселен, би, көркемсурет, қолөнер, тағысын тағы. Жалпы айтқанда, сабақтан шығып, орталықта сүйікті істерімен айналысады. Және таланттарын одан әрі дамыта алады.

Анастасия Швец – «Солнечный дом» қоғамдық қорының директоры:

– Біздегі балғындар қалалық, облыстық байқауларға ғана емес, республикалық, тіпті, халықаралық конкурстарға да белсенді қатысады және жүлделі орындарды иеленеді. Жалпы, жеткен жетістіктеріміз көп. Былтыр Анита және Юлия деген 2 қызымыз колледж бітірді. Балаларымыз өте талантты әрі белсенді. Біз мұнда оларға барынша қолдау көрсетіп, білгенімізді үйретуге тырысамыз.

Ерекше боп туған жандарды қолдауға арналған қорға қазір облыс бойынша 50-ге жуық адам келеді. Солардың ішінде Әсия Хамитова да бар. 11 жастағы жерлесіміз сурет салып, билегенді ұнатады екен. Анасы Зүлфия Хамитованың сөзінше, орталыққа келгелі қызының мінез-құлқы біраз жақсы жаққа өзгерген. «Мұнда балғындармен тілдесіп, уақытты көңілді өткізеді»,- дейді анасы.

Зүлфия Хамитова – қала тұрғыны

– «Солнечный дом»-ға біз 1-ші сыныптан бастап келіп жүрміз.Қызым 2 рет Мәскеуден сурет салып, жүлде алды. Биыл Рождествода сурет салып, 3-ші орынға ие болды. Музейде суреті ілулі тұр. Қызым дамып келеді. Пирог, самсалар пісіреміз. Қолдан түрлі заттар істедік. Мұғалімдер балалармен жақсы тіл табысады.

Бір сөзбен айтқанда, «Солнечный дом» қоры тағдырдың тәлкегіне түскен жандарды барынша қолдап келеді. Бұдан бөлек, облыс орталығында науқастанып қалған бүлдіршендерге көмектесетін тағы бір қор бар. Ол – көпке таныс «Үміт жарығы» қайырымдылық орталығы. Сауда орындарында қолдарына жәшіктерін ұстаған сары майкалы жастарды біразы таниды. Олар – дәл біз айтып отырған ұйымның еріктілері. Жанашыр жандардың ішінде Анна Терабукина да бар.

Анна Терабукина – «Үміт жарығы» қайырымдылық қорының волонтері:

– Мен осындай қорға келіп, науқас балалардың еміне аз да болсын өз үлесімді тигізіп жатқаныма ризамын. Олардың ата-аналарына, балақайларға қалай қиын екенін түсінемін. Сауда орындарында біздің жұмысымызды әр адам әр түрлі қабылдап жатады. Жағымсыз пікір білдіретіндерге көңіл аудармай, ісімізді әрі қарай жалғастыра береміз. Сондай-ақ, қолдап, көмек білдіріп жататындар да аз емес.

«Үміт жарығы» қорының республика бойынша 6 филиалы бар. 3 жыл ішінде аталған фонд 9 бүлдіршеннің еміне қаражат жинап берген. Оның 5-уі – петропавлдықтар. Қазіргі таңда қор өкілдері Болат Абдулазиз есімді балғынның еміне қаржы жинауда.

Диляра Зуева – «Үміт жарығы» қайырымдылық қорының менеджері:

– Қазір қыс мезгілі болғандықтан, еріктілер аз келеді. Өйткені, сауда орталықтары оларды кіргізбей жатады. Ал дала болса суық. Соған қарамастан қорда 10-ға жуық волонтер қызмет етеді. Әрине, оларды қабылдамас бұрын ата-аналарының рұқсаттарын талап етеміз.

Ақпанның 20-жұлдызы – Дүниежүзілік әлеуметтік әділеттілік күні. Бұл дегеніміз – барша жан тең, барлығына бірдей көңіл бөңіл бөлінуі тиіс дегенді білдіреді.

 

 

 

 

 

 

Казиканова Алтынай