COVID-19: Қазақстан

Постковидті асқыну деген не?

Вирустық аурулардың алдын алу, екпе қоюға қатысты талаптар, постковидті асқынулар. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі өткізген басапсөз конференциясында талқыланды. Тікелей эфирде мамандар  вакцина салдырмас бұрын сақталуы тиіс талаптармен бөлісті. Сондай-ақ, қауіпті індеттен кейін мазалайтын асқынуларды тілге тиек етті.

Дүйім жұртты әбігерге салған індетпен күресіп жатқанымызға біраз уақыт болды. Осы күнге дейін қаншама жан вирустың құрбанына айналып, кейбірі дерттен айығып шықты. Алайда, медицина саласында “постковидті асқыну” деген де бар екен. Бұл термин коронавируспен ауырғандардың 20 пайызының ағзасында індет белгілері ұзақ уақыт бойы сақталып қалады дегенді білдіреді. Ақ халатты абзал жандардың сөзінше, сақталу мерзімі 2 айдан 2 жылға дейін де созылуы мүмкін.

Сәуле Қасенова – Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ ішкі аурулар кафедрасының профессоры:

– Коронавируспен ауырып шыққаннан кейін адам ұзақ уақыт жөтеліп жүре беруі мүмкін. Немесе демікпе пайда болып, бойды әлсіздік билеп жатады. Сондай-ақ, кейбірінің басы ауырып, жүрек тұсы мен кеудесі сыр береді. Тіпті, ұйқысы бұзылып, есте сақтау мен көру қабілеті нашарлайтындар да кездеседі. Мұндай симптомдардан айығу жолдары бар. Індетпен ауырған жандар әрдайым дәрігердің қарауында болулары керек.

Қауіпті індеттен қорғану үшін қазір көпшілігі екпе салғызуда. Алайда, қоғам арасында бұл процедурадан кейін дене қызулары көтеріліп, бойларын әлсіздік билеген жандар да кездесті. Тіпті, кейбірінің буындары ауырып жатады. Мамандардың айтуынша, бұл – қалыпты жағдай. Алайда, вакцина қабылдаған пациенттер әрдайым дәрігердің бақылауында болуы қажет. Сондай-ақ, препаратты қойдырмай тұрып, кейбір талаптарды ескерген жөн.

Манар Смағұл – Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы филиалы директорының орынбасары:

– Вакцинацияға дейін аллергиялық реакцияның алдын алу үшін бұрын ішіп көрмеген тағамды, бұрын пайдаланбаған парфюмериялық заттарды қолданбаған жөн. Және вакцина алдым деп, санитарлық талаптарды да ұмытпау керек.

Халық арасында «COVID-19-бен ауырған адам күніне 1 немесе 2 рет аспирин ішуі керек»,-деген түсінік бар. Медицина қызметкерлері препаратты қабылдаған жан әрдайым дәрігердің бақылауында болуы қажет дейді. Және қанды жиі тексертіп отырған жөн.

Айнұр Тәуекелова – «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» КЕ АҚ қабылдау бөлімшесінің меңгерушісі:

– Дәрігердің нұсқауына сәйкес құрамында аспирині бар дәрілерді адамның қосалқы созылмалы ауруларына қарап қабылдау керек. Егер пациенттің жүрегі немесе тағы бір жері ауыратын болса, онда дәріні ұзақ уақыт ішкені жөн болады. Ал мұндай аурулар болмай, бірақ қаны қою, тромбоциті көбірек болса, орташа есеппен 1-ден 3 айға дейін қабылдау керек.

Осыны ескеріп, өзгесіне де дайын болуы керек. Жуырда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері “COVID-19-дың үшінші толқыны болуы мүмкін”,- деді. Жағаны жайлауға жіберуге әлі ерте. Ұстанатын алдын алу ережелері қарапайым. Жауапкершілік танытсақ, індетті бірге жеңеміз.

Казиканова Алтынай