МТРА жаңалықтарыБилік

“Nur Otan” партиясы СҚОФ фракциясының отырысы өтті

“Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір”. Кеше облыс орталығында “Nur Otan” партиясы жергілікті филиалы фракциясының отырысы өтті. Жиын барысында көшбасшы саяси ұйымның өкілдері 2025 жылға дейінгі мақсат-міндеттер жазылған сайлауалды бағдарламаны талқыға салды.

Жергілікті нұротандықтар тұрғындардың тұрмыс жағдайын арттыру мақсатында алдағы 5 жылға арнайы жол картасын әзірлеген. Оның аясында өңіріміздегі өнеркәсіп саласы одан әрі дами түспек. Атап айтсақ, еттен және көкөністерден әзірленген жартылай дайын өнім шығарылатын фабрика салу көзделіп отыр. Бірқатар кәсіпорындарда жаңғырту жұмыстары жүргізілмек. Осылайша, 2025 жылға дейін 65 мыңнан астам жұмыс орны пайда болады. Тағы, 5 жылдың ішінде орташа жалақы мөлшерін 213 мың теңгеге жеткізу жоспарлануда. Бұл жайлы облыс әкімінің орынбасары Асқар Сақыпкереев баян етті.

Асқар Сақыпкереев – СҚО әкімінің орынбасары:

– Алдағы уақытта “Qyzyljar” арнайы экономикалық аймағында электротехникалық жабдықтар мен ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын зауыттар пайда болмақ. Нәтижесінде 3 мың адам екі қолға бір күрекпен қамтылады. Тағы, биыл “Тайынша май”, “Радуга” және “Максимальный размах” кәсіпорындарында жаңғырту жұмыстары жүргізіледі.

Ауылда қолайлы өмір сүру үшін тиісті жағдай жасау да – партиялықтардың басты назарында. Алдағы 5 жылда 140-тан астам елді мекенде су тарату нысандарын салу және бірқатарын жаңғырту жоспарланып отыр. Тағы, 30 шақырымға жуық су құбыры қайта қалыпқа келтіріледі. Облыс бойынша 2 700 километр жол жөндеу көрмек.

Еркебұлан Мамбетов – “Nur Otan” партиясы СҚОФ тұрақты комиссиясының төрағасы:

– Сайлау кезінде нұротандықтар өңіріміздің барлық аудандарында болып, жергілікті тұрғындармен жүздесті. Ағайын көкейіндегі мәселелермен бөлісіп, сұрақтарын қойып, өтініштерін білдірді. Біз оның барлығын бақылауға алдық. Алдағы 5 жылдың ішінде барлығын біржақты етуге тырысамыз.

Нұротандықтар білім беру саласына да ерекше назар аударады. Атап кетсек, алдағы уақытта Тайынша ауданында 2 бірдей су жаңа мектеп салу көзделіп отыр. Облыстағы білім ұялары 500-ден астам заманауи химия, биология және физика кабинеттерімен жабдықталады. Жергілікті университетте де ауқымды шаруа атқарылмақ. Мұнда соңғы үлгідегі оқу-зертханалық корпусы тұрғызылады. Одан бөлек, 1200 орынға шақталған қос жатақхана да бой көтереді деп жоспарланып отыр.

Біржан Жалғасбаев – “Nur Otan” партиясы СҚОФ тұрақты комиссиясының төрағасы:

–  Қазір облыстағы балабақшалар орындармен қамтамасыз етілген. Мектептерде 3 ауысыммен оқыту мәселесі шешіліп жатыр. Кәсіпорындармен бірлесіп, дуалды оқыту ұйымдастырылған. Жол картасында білім беру сапасын арттыруға және білім беру объектілерінің материалдық-технкиалық базасын нығайтуға аса назар аударылады. Қозыбаев университетінде оқу зертханалық корпус көп мәселені шешеді. Оны біз өз бақылаумызға аламыз.

“Nur Otan” партиясы жергілікті фракциясының отырысында жол картасының барлық 7 бағыты талқыға салынды. Құжат аясында өңірімізде білім, ғылым, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларында оң өзгерістер орын алмақ. “Бұның барлығын сәтті жүзеге асыру үшін қоғамдық бақылауды одан әрі күшейту қажет”,- деді “Nur Otan” партиясы облыстық филиалының төрағасы Құмар Ақсақалов. Бұл ретте жауапкершілік жүгі депутаттарға артылмақ.

Құмар Ақсақалов – “Nur Otan” партиясы СҚОФ төрағасы, СҚО әкімі:

– Бағдарламада көрсетілген шаралардың жүзеге асырылуына қаражат бөлінген. Сондықтан, өңіріміздегі барлық деңгейдегі депутаттар бұны жіті бақылауы керек. 5 жылдан кейін біз берген уәделердің барлығы орындалуы тиіс. Бастысы – бақылау жұмыстары сапалы болуы шарт.

Жалпы, нұротандықтардың “Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір” атты сайлауалды бағдарламасының жол картасын жүзеге асыруға бақандай 910 млрд теңге қаржы қарастырылған. Жобада көрсетілген шаруа 5 жылдың ішінде сәтті жүзеге асырылуы тиіс.

 

Бисенова Жанна