Балалар

И.Шухов атындағы кітапханада балалардың қатысуымен іс-шара өтті

“Кітапты ашу – әлемді ашу”. Осындай атаумен Иван Шухов атындағы қалалық кітапханада музыкалық-театрландырылған іс-шара өтті. Ұйымдастырушылар балаларды кітапқа деген құлшынысын арттыру мақсатында жинаған. Жиын барысында жеткіншектерге Павел Бажовтың “Күміс таяқ” ертегісі ұсынылды.

Алина Бектурганова бос уақытында кітап оқиды. Жанына ең жақыны комикс жанры екен. “Суреттерді қарап, жан-жағында жазылған жазбаларды оқысам, құдды кино көріп отырғандай боламын”,- дейді. Жас оқырман былтыр осындай 40-қа жуық еңбекті оқып шығыпты. Олардың басым бөлігін И.Шухов атындағы кітапханадан тапқан.

Алина Бектурганова – М.Айтқожин атындағы №1 орта мектебінің 5-сынып оқушысы:

 – Бұл кітапханаға 4 жасымнан келе бастадым. Әрине, ол кезде мені ата-анам әкеліп жүрді. Кішкентай кезімде тек ертегілерді ғана таңдайтынмын. Ал қазір комикстерді, шытырман оқиғаларға толы кітаптарды сүйсіне оқимын.

Алайда, бүгін Алина Бектурганова кітапханаға кітап алуға емес, қатарластарымен бірге облыстық Қуыршақ театрының актерлері сахналап жатқан Павел Бажовтың “Күміс тұяқ” ертегісін тамашалауға келіпті.

Көңілді атмосфера, қызықты ертегі. Мұндай іс-шара Иван Шухов атындағы кітапханада бекерден-бекер өткізіліп отырған жоқ. Ұйымдастырушылар балаларды кітапқа деген құлшынысын арттыру мақсатында жинаған.

Кенжегүл Маметова – И.П.Шухов атындағы қалалық кітапхананың қызметкері:

– Биылғы жыл елімізде “Балалар оқуын қолдау жылы” деп жарияланды. Бұл жайында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық сенім кеңесінің 4-ші отырысында айтқан болатын. Қазіргі таңда біз осы бағытта жұмыс жасап жатырмыз.

Бүгінде кітапхананың 5 мың оқырманы бар екен. Олардың тең жартысы – жеткіншектер. Балаларға арналған туындылардың саны 15 мыңға жуықтайды. Ал кітап қоры 64 мыңнан астам еңбектен тұрады.

 

 

Алдияр Айтпаев