МТРА жаңалықтары

2006 жылғы 200 теңгелік банкнот заңды төлем құралы болып есептеледі

Ұлттық банктің филиалына тұрғындардан кей жерлерде 200 теңгелік қағаз ақшаны қабылдаймайтындығы туралы шағым түскен. Шын мәнісінде, 2006 жылы шығарылған белгілі бар банкноттардың күші жойылғанымен, дәл осы номинал әлі де заңды төлем құралы болып табылады. Осы ретте мамандар 2006 жылғы 200 теңгені қабылдамаған жағдайда қарастырылған жауапкершілікті еске салды.

Ақпанның 1-ші жұлдызынан бастап Ұлттық банктің филиалдары 2006 жылғы үлгідегі 2 мың, 5 мың және 10 мың теңгелік номиналдарды айырбастауды түпкілікті тоқтатты. Яғни, бұл ақшалар айналымнан мүлдем алынып тасталды. Бірақ, орын алған өзгерістің дәл сол жылы шығарылған 200, 500 және 1000 теңгеге еш қатысы жоқ. Аталған купюралар қазіргі таңда да заңды төлем құралы ретінде қолданылады. Дегенмен, Қазақстандағы кейбір сауда және қызмет көрсету нүктелерінде тілге тиек етілген банкноттарды жеке тұлғалардан қабылдамау фактісі тіркеліпті.

Мейрам Мамбетов – “ҚР Ұлттық банкі” РММ СҚОФ бөлім басшысы:

– Соңғы кездері Ұлттық банктің филиалдарына 2006 жылы шығарылған 200 теңгелік банкноттарды еш жерде қабылдамай жатыр деген шағымдар жиі түсіп жатыр. Осы орайда сауда, қызмет көрсету саласы өкілдеріне және 2-ші деңгейлі банк қызметкерлеріне айтарым бар. Бұл купюралар әлі де айналымда және олар заңды түрде төлем құралы болып есептеледі. Осыны ескерсеңіздер деймін. Ал егер ескерілмесе, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 206-бабына сәйкес жаза қолданылатын болады.

Жаза айыппұлмен шектеледі. Мәселен, шағын кәсіпкерлік субъектілері немесе коммерциялық емес ұйым қызметкерлері қолданыстағы ақшаны қабылдамаса 5 АЕК айыппұл салынады. Ал орта бизнес өкілдеріне – 27 780, ірі кәсіпкерлерге 69 450 теңге төлеу міндеттеледі. Енді екінші деңгейлі банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға тоқталайық. Егер олар банкноттарды қабылдаудан және айырбастаудан бас тартса 140 мың теңгеге жуық айыппұл арқалайды.

Мейрам Мамбетов – “ҚР Ұлттық банкі” РММ СҚОФ бөлім басшысы:

– Сондай-ақ, ұлттық валютаның естелік банкноттары да заңды түрде айналымда қалып отыр. Олар: 20 мың, 10 мың, 5 мың, 2 мың және 1 мың теңгелік қағаз ақшалар. Осы ретте толық ақпарат алғыңыз келсе, ҚР Ұлттық банкінің сайтына кіріп, Ұлттық валюта бөлімін таңдаңыз.

Сөз соңында айта кетейік, 2006 жылы шығарылған 500 теңгелік банкнот осы жылдың маусым айында айналымнан алынып тасталады. Кейін аталған купюра 3 жыл бойы тек Ұлттық банк филиалдарында қабылданады.

 

 

Ешкенова Дана