Құқық қорғау органдары

Үздік тергеуші

1 жылда – 95 қылмыстық іс. Былтыр Петропавл қалалық полиция басқармасының тергеушісі Үмітбек Фархадов  100-ге тарта оқиғаның ақ-қарасын анықтап, сотқа жолдаған. Тәртіп сақшысы тиянақтылығы мен жауапкершілігінің арқасында облыстық полиция департаментінде ұйымдастырылған байқауда  “Үздік тергеуші-2020” атағын жеңіп алды.

Үмітбек Фархадов – шырайлы Шымқаланың тумасы. Ол бала күнінде құқық қорғаушылар жайлы түсірілген фильмдерді, телебағдарламаларды қызыға қарапты. Сол кезде алдына мен де болашақта көк жәшіктегі кейіпкерлер сияқты келісті форма киіп, полицей болам деген мақсат қойған екен. Бұл ойын азамат жүзеге асырды. Үмітбек осыдан 2 жыл бұрын ІІМ Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясынан түлеп ұшқан.

Үмітбек Фархадов, қалалық ПБ екінші полиция бөлімінің тергеушісі:

– 2019 жылы академияны бітірдім. Кейін, осы СҚО-ға жұмыс істеуге келдім. Негізінде, мен Шымкент қаласына баруым керек еді. Бірақ, мен СҚО-ны таңдадым.

Жас офицер облысымызды бекерден-бекер таңдамаған. Білікті әріптестері аққайыңдар өлкесінде еңбек етсең, мол тәжірибе жинайсың, ширайсың деген екен. Бұл ақыл-кеңес Қарағандыдан Қызылжарға ойланбастан билет алуға себеп болған. Үмітбек Петропавлды таңдағанына еш өкінбейді. Небәрі 2 жылдың ішінде біраз қылмыстық істің бетін ашты, біраз тәжірибе жинады. Мәселен, былтыр облыстық Полиция департаментінде өткен арнайы конкурста “Үздік тергеуші-2020” атағын жеңіп алды.

Үмітбек Фархадов, қалалық ПБ екінші полиция бөлімінің тергеушісі:

– 2020 жылы 95 қылмыстық істі бітірдім. Оның ішінде ауыр қылмыстық істер болды. Қылмыстық істерді ашу кезінде кейбір түндерде ұйықтамадым. Тәлімгеріммен бірге тер төктік. Ең соңғы қылмыстық іс – тонау.

Бұл тонау фактісі қараша айында болған екен. Самокат мінген 20-дағы қос жігіт түн ішінде 36 жастағы петропавлдықты тоқтатып, ұялы телефонын, әмияны мен құжаттарын алып қойған. Тәртіп сақшылары бұзақыларды бейнебақылау камераларының көмегімен анықтады. Ал Үмітбек Фархадов небәрі 12 күнде тергеу жүргізіп, қылмыстық істі сотқа жолдапты. Негізі, мұндай тапсырма 15 тәулікте орындалуы қажет екен. Аға лейтенант тергеушінің бойында психолог маманға тән қасиет пен шешендік өнер, үміт пен мотивация болуы қажет дейді. Осы қасиеттер адамның бойынан табылса, кез келген оқиғаның ақ-қарасын айыру оңайға соғатын көрінеді. Және қиын әрі жүгі ауыр қызметте ашуға берілмеген жөн. Бұл ретте Үмітбек сабырға шақыратын ерекше әдісті қолданады.

Үмітбек Фархадов, қалалық ПБ екінші полиция бөлімінің тергеушісі:

– Ашуға булыққан шақта далаға шығып, өлең тыңдаймын. Немесе үйге барып, киім ауыстырып, 2-3 шақырым жүгіріп қайтамын. Маған ол көмек береді.

Өткен жылдың үздік тергеушісі байқауда жеткен жетістіктерімнің бәріне ата-анам мен әріптестерім себепкер дейді. Және сол жандарға мың да бір алғысын білдіреді.

 

 

 

 

Култанов Байболат