Бизнес және экономика

СҚО-да өткен жылы “Бастау” жобасына 1 мыңға жуық адам қатысқан

Кәсіп ашып, нәсібін арттырған жандар. Өткен жылы “Бастау” жобасы аясында мыңға тарта солтүсткқазақстандық  бизнестің қыр-сырын меңгерген. 500-ге жуығы 550 мың теңгенің қайтарымсыз грантына ие болған. Ал несие рәсімдеп, жеке кәсібін дамытқандардың саны 200-ге жуықтайды. Жаңа іс бастаған іскер жандардың қатарында Мамлют ауданының тұрғыны, көпбалалы ана Гүлден Дүйсенбекова да бар.

Гүлден Дүйсенбекова жолдасымен бірге 5 бала тәрбиелеп отыр. Мерейлі отбасы Мамлютка қаласында тұрады. Былтыр нәзікжанды – бала күтіміне байланысты демалысқа, ал жұбайы зейнетке шыққан. Ерлі-зайыптылар жеке іспен айналысып, қосымша табыс табу үшін жергілікті кәсіпкерлер палатасына жүгініпті. Мұндағы мамандар «Бастау» жобасын таныстырған екен.

Гүлден Дүйсенбекова – кәсіпкер:

– Кәсіпкерлер палатасына барып, қандай бизнеспен айналысуға болатындығын сұрадық. Кейін жолдасым екеуімізге арнайы курстан өтуді ұсынды. Біз ірі қара және кіші мал алайық деп ойладық. Кейін қой алдық. Алдағы уақытта сиыр алмақшымыз. Бұл ретте жолдасымыз екеуімізге 200 АЕК көлемінде грант берілді.

Іскер ерлі-зайыптылар пандемия кезінде азық-түлікке деген сұраныстың артқанын ескеріп, сауда саласында да бизнес бастауды шешкен. Бастаманы жүзеге асыру үшін Гүлден Дүйсенбекова Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан 6 млн теңге көлемінде несие рәсімдеген. Бұл ақшаны дүкен мен тиісті тауарларды сатып алуға жұмсапты. Қазіргі таңда көпбалалы отбасы екі бірдей
кәсіппен айналысып, көпшілікке үлгі болып отыр.

Гүлден Дүйсенбекова – кәсіпкер:

– Жолдасым жұмасына 2 рет Петропавлдан тауар тасып тұрады. Бізде бәрі жаңа әрі қолжетімді. Жұбайым көбіне көкөністер мен жеміс-жидектерді тасымалдайды, қалғанын фирмалар арқылы тапсырыс беріп аламыз. Біздің тұтынушылар ет сатсаңыздар деп ниет білдіріп жатады. Осыны алдағы уақытта қолға алуды жоспарлап отырмыз.

Дүкеннің келушілері көп. Жергілікті ағайын көрсетілетін қызмет мен тауарлардың сапасына ризашылықтарын білдіруде.

– Дүкен ашылғалы осында келіп жүрмін. Бәрі көңілімнен шығады. Бағалары да өте қолжетімді. Жұмыстары жемісті болсын!

– Дүкенде қажеттінің бәрі бар. Болмай жатса өтініш білдіреміз, келесі күні-ақ алып келеді. Сатушы да жұмысына зор жауапкершілікпен қарайды.

Былтыр Гүлден Дүйсенбековадан бөлек, Мамлют ауданының тағы 34 тұрғыны «Бастау» жобасы бойынша оқып, 550 мың теңгеден грант ұтып алған. Ал облыс бойынша мемлекеттік бағдарламаның шарапатын 473 жан көрген. Несие рәсімдеп, жеке бизнестерін дамытқан солтүстікқазақстандықтардың саны 200-ге жуықтайды. Жерлестеріміздің дені қызмет көрсету мен ауыл шаруашылығы саласын таңдапты.

Рахымбек Зейнуллин – СҚО кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы:

-“Бастау” жобасына қатысу үшін ең алдымен жұмыспен қамту орталығына барып, өтініш қалдыру керек. Ол 15 күннің ішінде қарастырылады. Кейін өтініш білдірген азаматқа арнайы бағыттама беріледі. Сол бойынша Кәсіпкерлер палатасына келу керек. Біз өз кезегімізде оны онлайн-платформаға тіркейміз. Басты талап – жұмыссыз немесе өз-өзін жұмыспен қамтыған болуы керек. Мысалы, көпбалалы отбасылар мен жастар.

Жанна Бисенова – тілші:

– Сөз соңында айта кетейік, “Бастау” жобасының басты мақсаты – жұмыссыздықты жою және жаппай кәсіпкерлікті дамыту. Өткен жылдың өзінде аталған жоба аясында мыңға жуық солтүстікқазақстандық бизнестің қыр-сырын меңгерген. Биыл оқу курстары сәуір айында бастау алмақ. Ол онлайн форматта өтеді деп жоспарланып отыр.

Бисенова Жанна