Білім

“Өрлеу” филиалында онлайн-вебинар өтті

Оқушылардың білім деңгейін арттырып, мұғалімдерге арнап көмекші құрал дайындау. Бұл мәселелер бүгін «Өрлеу» орталығының жергілікті филиалында өткен онлайн-вебинарда талқыланды.

Білім сапасы қай кезде де өзекті мәселе болып қала бермек. Алайда, оны қалай арттыруға болады? Бұл сұраққа «Өрлеу» орталығының қызметкерлері бүгінгі онлайн-вебинарда жауап берді. Мамандардың сөзінше, қазіргі заманда ұл-қыздардың зеректілігін арттыру үшін сандық технологияның маңызы зор. Ол арқылы балалар белгілі бір тақырыпты жан-жақты зерттеп, тереңірек түсіне алады. Сондай-ақ, ұстаздар жиын барысында PISA халықаралық оқушы қабілетін бағалау бағдарламасына тоқталып өтті. Аталған жүйе 15 жастағы балалардың функционалдық сауаттылығын тексеруге арналған. Оған әлемнің 70-тен астам елі, соның ішінде Қазақстан 3 жылда бір рет қатысып отырады. Соңғы деректерге сәйкес, еліміз білім деңгейі бойынша соңғы орыннан көрінген. Мамандардың айтуынша, алдыңғы шепке шығу үшін бірталай жұмыстар атқару керек. Алдымен балаларға логикалық есептер мен оқу сауаттылығы бойынша тапсырманы қызықты қылып ұсыну қажет. Ол үшін мұғалімдерге көмекші ретінде бейнесабақтар дайындалуда.

Гүлмайда Мүсетаева – «Өрлеу» БАҰО» АҚ СҚО бойынша ПҚ БАИ аға оқытушысы:

– Функционалдық сауаттылық дегеніміз – балалардың мәтінді түсініп, жұмыс істеуі. Біз мәтінмен қалай жұмыс істеу керектігі жайлы дайын ЦОР дайындаймыз. Сандық білім беру ресурстары әр түрлі платформаларда дайындалады. Ол видео ретінде жасалады. Ол мектеп бағдарламасы негізінде жасалады. Бірақ, ол дүниежүзілік талаптарға сәйкес болуы керек. Сабақты сарапшылар тексереді. Кейін YouTube каналға жүктеледі.

 

 

Казиканова Алтынай