МТРА жаңалықтары

Қозыбаев университетінің студенттеріне польшалық маман шеберлік сағатын өткізді

Тамақ өндіру саласында 20 жылдық тәжірибесі бар маман жастарға ірімшік әзірлеудің еуропалық тәсілін таныстырмақ ниетте. Табиғи таза, пайдалы әрі дәмі тіл үйіретін ірімшікті қалай жасауға болады? Бүгін оны әзірлеудің қыр-сырын Қозыбаев университетінің азық-түлік қауіпсіздігі кафедрасында білім алып жүрген студенттерге польшалық маман Пётр Згужыньски түсіндіріп берді.

Негізі, ірімшіктің тарихы Польша елінен бастау алған екен. Деректерге сүйенсек, төрт түлік мал асыраған қазаққа да бұл тағамның жасалу тәсілі таңсық емес. Бүгінде өңіріміздің өзінде ірімшік әзірлейтін бірнеше кәсіпорын бар. Серіктестік өкілдері сүттен дайындалатын тағамның қыр-сырын жергілікті университеттің студенттеріне де үйретіп жүр.

Айдана Әбілда – Kozybayev University агротехнологиялық факультеті азық-түлік қауіпсіздігі кафедрасының оқытушысы:

-Қазіргі уақытта студенттер кәсіптік тәжірибеден өтеді. Оңтүстіктен келген жастар беделді кәсіпорындарда білімін арттыруда. Теориялық білімін нығайтуда. Практикада ірімшіктің түр-түрін өз көздерімен көруде. Жасалу тәсілін зерттеуде.

Азық-түлік қауіпсіздігі кафедрасының 4 түлегі дипломдық жұмысын дәл осы тақырыпқа негіздеген екен. Яғни, ірімшік жасаудың әдіс-тәсілдерін зерттеуже. Ал 1-ші және 2-ші курс студенттеріне арналып бүгін шеберлік сағаты ұйымдастырылды. Польшадан арнайы ат терлетіп келген маман 20 жылдық тәжірибесімен бөлісуде.

Пётр Згужыньски – «CSK Food enrichment Poland» инженері:

– Осы 20 жыл бойы мен Польшадағы фирмалардың бірінде сүттің ұйытқысын әзірлеумен айналыстым. Кейін өнімнен ірімшік дайындайтынбыз. Сонда біраз тәжірибе жинақтадым, ірімшіктің түр-түрі болатынын білдім. Қазір өз кәсіпорнымды ашып, білген-түйгенімді студенттер мен жас бизнесмендерге үйретіп жүрмін.

Маманның айтуынша, ірімшіктің құрамында біз білмейтін құпия қоспа жоқ. Оның қаншалықты дәмді әрі сапалы болып шығуы сүтке ғана байланысты. Тағамның бұл түрі көбіне сиырдың, ешкінің, кей елдерде қойдың ағынан да әзірлене береді екен. Сондықтан, ірімшік әр жерде әр түрлі болып шығады. Дәмі және иісі, тіпті, көрінісіне қарай да өзгешеленеді.

Пётр Згужыньски – «CSK Food enrichment Poland» инженері:

 – Еуропада ірімшік әзірлеудің ерекше тренді пайда болды. Нақтырақ айтсақ, тағамға қосылатын тұз бен майдың өлшемін азайттық. Бұрын сіз де, біз де қолданып келген кей дәмдеуіштерден бас тарттық. Өйткені, олар ірімшікке ерекше дәм бергенімен пайдасы шамалы. Сондай-ақ, жұмыстың барлығын арнайы техника орындайды. Заман игілігі өнім сапасының жоғары болып шығуына септеседі.

Польшалық маман Еуропа елдерінде көпшіліктің көңілінен шыққан ірімшіктің құрамын егжей-тегжейлі айтқан жоқ. Дегемен, онысын алдағы күндері университет студенттеріне үйрететін болады. Жастар алған білімін тәжірибе жүзінде көрсетсе, мақтаған тағамның дәмін татып көру бізге де бұйырып қалар.

 

 

 

Маржан Касымбек