Білім

Дуалды оқыту жүйесінің тиімділігі

Биылдан бастап колледж студенттерінің өндірістік тәжірибелері  ресми түрде еңбек өтіліне кірмек. Бұл  қолына диплом алған жас маманның  жұмысқа жылдам орналасуына ықпал етпек. Жаңашылдық дуалды оқыту жүйесі аясында жүзеге асырылып отыр. Мұндай білім беру әдісі соңғы жылдары өңірде қарқынды дамып келеді. Нәтижесінде студенттер сабақтарының 70 пайызын өндіріс орындарында өткізеді.

Петропавлдағы машина жасау колледжі – дуалды оқытудың жол картасына енген оқу орындарының бірі. Жастар теория мен практиканы қатар алып жүр. Кирилл Хайруллин металл жонушы мамандығы бойынша білім алуда. 2-ші курста оқиды. Алғашқы тәжірибесін Ауыр машина жасау зауытында алған. Қазір “Avagro” серіктестігінде білімін толықтыруда. Жеке тәлімгері бар.

Кирилл Хайруллин – Петропавл қаласы машина жасау колледжінің студенті:

– “Бұл – “Чип” станогы. Осы қондырғының көмегімен түрлі бөлшектер жасалады. Серіктестік ауыл шаруашылығы саласына қажетті техника шығарумен айналысады. Жұмыс жетерлік. Өзім осы жерде біраз тәжірибе жинақтадым. Мамандар біліктіліктерімен бөлісіп, көмек көрсетуде. Тіпті, басшылық кейін мені жұмысқа қабылдауға да ниетті.

Бүгінде “Avagro” серіктестігінде 50-ге жуық адам жұмыс істейді. Қатарға тар бейінді мамандар қажет. Сол себепті, металл жонушы, дәнекерлеуші, темір шебері секілді мамандықтарға оқып жүрген студенттерді мұнда қуана-қуана қарсы алады. Тіпті, оқуларын тәмамдаған соң жұмысқа да шақырады екен.

Евгений Рыманов – “Avagro” ЖШС бригадирі:

– Бізде көбінесе Машина жасау колледжінің студенттері тәжірибеден өтеді. Өзімнің қарамағымда 2 жігіт бар. Оларға әр станокты көрсетіп, қалай жұмыс істейтінін үйреттім. Енді шаруаны өздері-ақ тындырады. Жастарға бір рет көрсетіп жіберсең, бәрін тез ұғып алады.

Ал “Рахат-Лукум” кондитерлік цехында 6 студент тәжірибе жинақтауда. Солардың бірі – Мәдина Ғабдулина. Бойжеткен жастайынан тәтті-дәмді әзірлеуге әуес. Арманы – әйгілі кондитер болу. Арман қуған жас дәл осы мамандыққа оқып жүр.

Мәдина Ғабдулина – Петропавл қаласы құрылыс-техникалық колледжінің студенті:

– Қыркүйек айында басталған практика мамырға дейін жалғасады. Осы аралықта біраз тәтті тағам дайындауды үйрендім. Қазір 10 шақты торт әзірлей аламын. 23-ші ақпанға тапсырыс алдық. Граната пішіндес тәтті жасаймыз.

Жалпы, өңірде 22 колледж дуалды оқыту жүйесін қолға алып отыр. Оның аясында студенттер алған білімдерін шыңдау үшін түрлі кәсіпорындарда еңбектенеді. Ең бастысы, бұл тәжірибе еңбек өтілі ретінде саналмақ. Бұл жаңашылдық – жастар үшін өте тиімді әрі кәсіби дағдыларын дамытудың бірден-бір жолы. Айта кетейік, өткен жылы дуалды оқыту жүйесі аясында 750-ге жуық студент білімін шыңдап, солардың 83 пайызы сол жерге жұмысқа қабылданған.

 

 

 

Ешкенова Дана