Спорт

Волейболдан Қазақстан чемпионаты жалғасуда

Петропавлда  волейболдан  әйелдер арасындағы кезекті ел чемпионатының 4-ші тур ойындары өтуде. Бәсеке аясында кеше жергілікті “Қуаныш” пен талдықорғандық “Жетісу” күш сынасты. Бұған дейін қос ұжым  3 мәрте кездесіп, барлығында талдықорғандықтар жеңіс тойын тойлаған болатын.

Қос құрама арасындағы кездесу тартысты басталды. Әр соққы, әр ұпай маңызды. “Жетісу” – солтүстікқазақстандықтар үшін қиын қарсылас. Жерлестеріміз біріншіліктің алғашқы 3 турында да аталған құрамаға есе жіберген болатын. Бұл жолы да Алматы облысынан келген қыздардың аяқ алысы ширақ көрінеді. Олар 1-ші сетта қуаныштықтарды 13 те 25 есебімен ойсырата жеңді.

Светлана Парукова – “Қуаныш” ВК ойыншысы:

– Өкінішке қарай, жеңіліс таптық. “Жетісу” құрамасы жылдам қимылдайды. Оларға қарсы қорғана алмай жатырмыз. Шабуылда да ойлағанымыз жүзеге асар емес. Бірақ, бұдан кейінгі сеттарды, ойындарды өзіміздің пайдамызға шешуге тырысамыз.

Талдықорғандықтар 2-ші және 3-ші сетта қарқындарын бәсеңдетпей, оңай жеңіске жетті. Матч 0 де 3 есебімен аяқталды. Бұл құрама сапындағы бойлары ұзын, денелері мен соққылары мығым қос шетелдік спортшыға ерекше тоқтала кету қажет. Легионерлер ойын барысында сан мәрте көзге түсіп, ала допты алаңымызға шегеше қадады. Дегенмен, қарсыластарымыз “Қуаныш” ВК жоғары бағалайды. Олар бұдан да жақсы ойын өрнегін көрсету теріскейліктердің қолдарынан келеді дейді.

Ольга Данченко – “Жетісу” ВК капитаны:

– “Қуаныш” – өте жақсы ойыншылардан жасақталған құрама. Бірақ, бүгін олар өздерін 100 пайызға көрсете алмады. Келесі ойындарда қыздарға сәттілік тілеймін.

“Қуаныш” ВК бұған дейін 3 ойын өткізді. Оның 2-уінде жеңіске жетіп, 1-уінде есе жіберген. Жалпы, Петропавлда өтіп жатқан чемпионаттың 4-ші турында 8 команда бақ сынасып жатыр. Құрамалар ақпанның 20-сына дейін үздік 4 ұжымды анықтайды. Кейін, плей-оффқа жолдама алған клубтар арасында чемпион анықталады. Әзірге, “Қуаныш” 3-ші орында тұр. Келесі ойынды волейболшыларымыз сәтті саналатын сәрсенбі күні елордалық “Ару-Астана”-ға қарсы өткізеді.

Алдияр Айтпаев