Құқық қорғау органдары

СҚО ПД-да ерлік сабағы өткізілді

Облыстық Полиция департаментінде алғаш рет бірыңғай ерлік сабағы ұйымдастырылды. Оған Ауған соғысына және Тәжік-Ауған шекарасындағы жауынгерлік ұрыстарға қатысқан Ішкі істер органдарының ардагерлері қатысты.

Жиын барысында ведомство бастығы Марат Төлебаев интернационалист сарбаздарды Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылған күнімен құттықтап, естелік медальдар табыс етті. Өз кезегінде аға буын өкілдері жас тәртіп сақшыларымен естеліктермен бөлісті. Өскелең ұрпақты патриот болуға шақырды. Әңгіме барысында жауапты саланы таңдаған қызметкерлер де меймандарға сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды. Іс-шарада ән де айтылды. Полицейлер шырқаған туындылар ардагерлерге арналды. Ауған соғысынан кейін облыстың Ішкі істер органдарында 29 адам еңбек етіпті. Олардың 2-еуі ұрыстарда ауыр жарақат алып, Қызыл Ту орденімен марапатталған екен.

Бағдат Ешманов – Ауған соғысының және ІІО ардагері:

– Отан алдындағы борышымды өтеп жүргенде бізді патриот етіп тәрбиеледі. Тіпті, Ауғанстанда патриоттық әндер шырқалған концерттер қойылды. Онда халық әртістері өнер көрсетті. Борышымды өтеп келгеннен кейін қандай жұмыс істеймін деп ойландым. Ойлана келе милицияға барамын деп шештім.

Култанов Байболат