Балалар

Облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы 150 еңбекпен толықты

Сиясы әлі кеуіп үлгермеген 150 еңбек. Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы / тың туындылармен толықты. Жаңадан түскен құнды дүниелердің арасында отандық және шетелдік жазушылар жазған кітаптар бар. Кішкентай қауым асыға күткен комикстер де көпшілік назарына ұсынылған.

Кітап сөресіне 75 құнды дүние қойылған. Оның 37-сі ана тілімізде басылыпты. Соның бірі – жазушы Нұрлытай Үркімбайдың «Мен сырласамын» атты туындысы. Еңбек эсселер мен әдеби сараптамалардан тұрады. Алғашқы бөлімінде Мұқағали Мақатаевтың із-түссіз жоғалған күнделігінің табылу тарихы жазылған. Сондай-ақ, ақиық ақынның шығармашылығына талдау жасалған.

Гүлнұр Бекіш – Ғ.Мүсірепов атындағы ОБЖК библиографы: 

– Кітапта ақын туралы бізге беймәлім деректер жазылған. Ал екінші бөлімінде имандылық тақырыбында қалам тербеген ақын-жазушылардың талдау-сараптамалары жазылған.

Әлі сиясы кеуіп үлгермеген дүниелердің ішінде журналистика жайлы жазылған еңбек те бар. «Журналист жолға шықты» деп аталатын туындының авторы – Ғалымжан Мелдешов.

Гүлнұр Бекіш – Ғ.Мүсірепов атындағы ОБЖК библиографы:

– Автор бұл кітапта өзінің өмірінің едәуір бөлігін журналистикаға арнағаны туралы жазған. Және өзінің тәжірибелерімен бөліседі. Бұл кітапты оқып, журналистің шын болмысымен танысуға болады.

Облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасына келіп түскен еңбектер түрлі бағытта жазылған. Библиографтардың сөзінше, кішкентай оқырмандар комикстерді көптеп сұратады екен. Сондықтан, бұл жолы “Marvel” туындылары молынан келіпті. Сөреге зер сала жүріп көпке танымал «Өрмекші адам» фильмінің кітабын да кездестіруге болады.

Айсұлу Бердағұлова – Ғ.Мүсірепов атындағы ОБЖК библиографы:

– Сондай-ақ, кітапхана қорына американдық жазушы Джеймс Дэшнер жазған еңбектер де келді. Фантастика жанрын сүйіп оқитындар үшін Лемони Сникеттің «Тридцать три несчастья» атты кітабы да бар. Бұл туындыда қиындыққа ұшыраған 3 кішкентай бала жайлы баяндалады. Еңбекті көбісі кинофильм арқылы таниды. Тағы Достоевский, Гончаров, Гогольдің да кітаптарын келіп оқуға болады.

Жалпы, кітапхана қоры жаңа 150 кітаппен толықты. Оның 102-сі қазақ тілінде жазылған. Құнды жәдігерлермен тұрғындар қара шаңырақтың инстаграм, фейсбук парақшаларына тіркеліп, сырттай жақынырақ таныса алады.

Алтынай Қазиқан