Салық басқармасы

Былтыр 26 мыңға жуық солтүстікқазақстандықтың салықтық өсімпұлы кешірілген

Өткен жылы 26 мыңға жуық солтүстікқазақстандықтың жер, мүлік және көлік салығына қатысты өсімпұлы кешірілген. Бұл жайлы облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің мамандары мәлімдеді.

Еске сала кетейік, былтыр елімізде Президент пәрменіне сәйкес жеке тұлғалар үшін салықтық рақымшылық жасалды. Солтүстік Қазақстан облысында өткен жылы қарызын жыл соңына дейін өтеген 26 мыңға жуық адамның 50 млн теңгеден астам өсімпұлы кешірілген. Нәтижесінде мемлекет қазынасына 393 млн теңге кіріс түскен. Бұл бастама екі жаққа да тиімді болды дейді мамандар. Сондай-ақ, әлі 8 мың тұрғын жеке көлік құралы үшін салық төлемеген. Оны сәуірдің 1-іне дейін өтеу қажет екен. Бұл уақыттан кешіктірілген жағдайда өсімпұл қосылады. Ал жер және мүлік салығын төлеу мерзімі – қазанның 1-ші жұлдызына дейін.

Наталья Некрасова – СҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басқармасының басшысы:

– Мемлекет алдындағы салықтық қарыздың көлемін білу үшін Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтына кіріп, жеке ақпарды енгізу қажет. Кейін жеке шоттың көшірмесін ала аласыз. Одан бөлек, былтыр “e-Salyq Azamat” атты мобильді қосымша іске қосылған болатын. Оның көмегімен мүлік және жер салықтарын бірыңғай төлеммен өтеуге мүмкіндік бар.

 

Бисенова Жанна