COVID-19: Қазақстан

Соколовкада шектеу шаралары күшейтілді

Бүгіннен бастап Қызылжар ауданына қарасты Соколовка селосында шектеу шаралары күшейтілді

Елді мекендегі ахуал біраз уақыт бойы тұрақты болды. Алайда, ақпан айының басынан бері ауылдағы 18 бірдей адамның тәж вирусын жұқтырғаны анықталып отыр. Індеттің таралуын бәсеңдету үшін аймақтық санитарлық-эпидемиологиялық қызмет штабы осындай шешімге келді. Енді күшейтілген карантин қағидаларын жіпке тізейік. Соколовкадағы нысандардың жұмыс уақыты кешкі 7-ге дейін қысқарды. Сондай-ақ, ауылдағы мектеп оқушылары түгелімен қашықтықтан оқуға көшірілді. Дегенмен, ауыл жабылмайды, бақылау бекеті қойылмайды.

Жангелді Ибраев – Қызылжар ауданының бас санитарлық дәрігері:


–  Сондай-ақ, көрші-қолаң мен туған-туыстың бір-бірінің үйлеріне баруларына шектеу қойылып отыр. Және қоғамдық орындарда медициналық маска тағу міндеттелді. Барлық тұрғындарға, әсіресе, 65 жастан асқан жандарға сағат кешкі 22:00-ден кейін көшеге шығуға рұқсат етілмейді. Ал жалпы аудандағы жағдайға келетін болсақ, індеттің таралуының төмендегені байқалады. Өткен аптада ауданда COVID-19-ды 43 адам жұқтырып алған. Ал оның алдындағы жұмада бұл көрсеткіш 69-ды құраған болатын.

 

Казиканова Алтынай