ТЖ

Петропавлда жыл басынан бері 24 өрт болған

Петропавлда жыл басынан бері 24 өрт оқиғасы тіркеліп отыр. Өкінішке қарай, тілсіз жаудың салдарынан 2 адам қаза тапты. Құтқарушылардың сөзінше өрт оқиғаларының 80 пайызы / жеке сектордан шығады. Мұндай жайттардың алдын алу мақсатында қалалық төтенше жағдайлар басқармасының мамандары, тәртіп сақшылары және белсенді жастар бірлесіп, рейд өткізді.

Іс-шара Вагонная көшесі бойынан бастау алды. Мамандар қаз-қатар орналасқан үйлердің есігін қағуда. Алғашқы баспанада ешкім болмады, ал келесі тұрғын жайда иелері қарсы алды. Мұнда зейнеткер отбасымен бірге тұрады.

Құтқарушылар қарияға жылыту маусымы кезінде қатаң сақталуы тиіс ережелерді еске салды. Пештің қалай жұмыс істеп тұрғанын да тексерді. Талаптардың барлығы толық орындалған. Алайда, алда-жалда от бас көтерсе дабыл қағатын «датчик»-ті кездестірмедік. Үй иесінің өзімен тілдесуге тырысып едік, қысылғандықтан ба, жауап беруден бас тартты. Десе де, жуық арада арнайы құрылғыны орнататындығын айтты.

Даниэль Саркисян – қалалық төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері:

– Баспана ішіне датчик орнатқан дұрыс болады. Былтыр осы құрылғының арқасында бүтіндей бір отбасы аман қалды. Қаладағы баспаналардың біріндегі пештен улы түтін шыққан. Оны сезбей ұйықтап жатқан адамдарды дабыл оятты. Тұрғындарға айтарым, жылыту маусымы аяқталғанға дейін пештеріңізге абай болыңыздар. Онда ақаулардың жоқтығына күнде көз жеткізіп отыру маңызды.

Құтқарушылар берген статистикаға сүйенсек, жыл басынан бері облыс орталығында 24 өрт фактісі тіркелген. 2 адам қаза тапты. Оқыс оқиғалардың басым бөлігі, нақтырақ айтсақ, 80 пайызы жеке секторларда орын алған. Мамандардың сөзінше қызыл жалын көбіне тұрғындардың жауапсыздық танытуынан туындаған екен. Тентек суға тойып алып, шылымды өшірмеген күйде ұйықтап қалғандар да бар.

Динара Мұқанова – қалалық ПБ кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі инспекторы:

– Қауіпсіздік ережелерін балалар да білуі керек. Олар ережемен таныс болса, оттың тұтануына жол бермейді. Рейд барысында тұрмыстық-зорлық зомбылықты болдырмау жайлы да түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Тұрғындарға арнайы ақпараттық қағаздар тараттық.

Ал “Қызыл Жарты Ай ” қоғамның мүшелері санитарлық талаптарды еске салып жүр.

Арам Сайдлер – волонтер:


–  Қоғамдық орындарда маска тағып жүруді ұмытпаңыз. Өзге жандардан арақашықтықты сақтау да маңызды. Қолды антисептикпен өңдеп отыру керек. Осындай қарапайым әрекеттің нәтижесінде өзіңіздің және жақындарыңыздың денсаулығын, өмірін сақтап қаласыз.

Профилактикалық шара алдағы күндері де жалғасын таппақ.

Маржан Касымбек