Құқық қорғау органдары

Мамлют ауданында учаскелік инспекторға қызметтік үй салынады

Мамлют ауданындағы Новомихайловка селосында полиция бекеті және оған біріктірілген қызметтік үй салынбақ. Баспана кілті учаскелік инспекторға табысталатын болады. Мамлют ауданына жұмыс сапарымен барған полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев / жұмыс жоспарымен танысты. Сондай-ақ, тұрғындарды қабылдау өткізіп, қазіргі күні кең етек алған интернет-алаяқтықтан сақтану туралы баяндады.

Учаскелік инспектор Олжас Шаяхметов 2 мыңнан астам халқы бар Мамлют ауданындағы 6 елді мекеннің қоғамдық қауіпсіздігін қадағалайды. Жақында ауданның бас тәртіп сақшысы мен ауылдықтар жас маманға полиция бекетімен біріктірілген қызметтік үй салу мәселесін көтеріпті. Идеяны жергілікті диқандар қолдаған екен. Қазір жалпы аумағы 100 шаршы метр болатын қос нысанның жері де, жоспары да дайын тұр. Ғимараттар маусым айында пайдалануға берілмек.

Олжас Шаяхметов – Мамлют ауданы полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы:

– Бостандық, Қатанай және Владимировка ауылдары кіреді. Қазіргі таңда бұл ауылдарда 2126 адам тұрады.

Қос нысанның жоспарымен танысып болған соң полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев пен Мамлют ауданының әкімі Владислав Лукин Қызыләскер ауылына аттанды. Елді мекенде жақында №11 полиция учаскесінің ғимараты жөнделіп, пайдалануға берілген болатын. Мұнда жаңа жиһаздар мен қызметтік жабдықтар қойылған, 20 бейнебақылау камерасы қосылған. Атқарылға іспен танысып болған соң Марат Төлебаев халықпен тілдесті. Әңгіме барысында тұрғындарды кибералаяқтардан барынша сақ болуға шақырды.

Марат Төлебаев – СҚО ПД бастығы:

– Бүгінде елімізде интернет-алаяқтық белең алып тұр. Ғаламтордағы қулардан, әсіресе, қарт адамдар сақ болуы қажет. Себебі, бұл санаттағы адамдар өте сенгіш келеді. Айта кетерлігі, интернет-алаяқтардың қитұрқы әрекеттері күннен-күнге түрлене түсуде. Мұндай жандар адамды әлемнің кез келген жерінде отырып сан соқтыруы мүмкін.

Кездесу соңында Марат Төлебаев жеке қабылдау өткізді.

Алдияр Айтпаев